$ 494.87  520.65  4.91

Прокурорлардан қысым көрдім деген тараздық кәсіпкер өзін өртегелі жатыр (ВИДЕО)

Құқық қорғау органдары құқығымды таптады деп шағымданған тараздық кәсіпкер Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Бас прокурор Жақып Асановтың атына үндеу жолдады. Ерлан Сәди есімді азамат Тараз қаласының прокуратурасын заңсыз әрекеттерге барғаны үшін айыптап отыр. Ал, егер заң органдары тарапынан әділдік орнамаса 27 желтоқсан күні өзімді өртеймін дейді ол.

Ерлан Сәди - кәсіпкер. Бұған дейін оның компаниясы Тараз қаласындағы этномәдени орталықтың құрылысын толықтай жүргізген екен. Алайда, бизнеске негізделген компанияның пайда табуына болмайды деп жаңалық ашқан прокурорлар кәсіпкердің үстінен қылмыстық іс қозғап, оны 5 жылға соттаған.

- Екі шаруашылық нысанның арасындағы азаматтық-құқықтық дауды Тараз қаласының біліксіз прокуроры қылмыстық іске айналдырып жіберіп, менің үстімнен іс қозғады. Бұл өз кезегінде менің конституциялық құқықтарымды таптау және бизнесімен көрсетілген қысым болып есептеледі", - дейді кәсіпкер.

2013 жылы оның компаниясы этномәдени орталықтың ғимаратын салып берген. Жекеменшік компания болғандықтан атқарған жұмысы үшін пайда да тауыпты. Алайда, прокурорлар оның тапқан пайдасын мемлекеттің қаржысын жымқыру деп түсініп, дереу абақтыға жапқан.

"Прокурордың пікірінше, бизнес деген тек келтірілген шығынды жабумен шектелу керек. Ал, оның үстінен кәсіпкер бір тыйын пайда көрсе, онда ол сеніп тапсырылған қаржыны жымқырған қылмыскер болып шығады. Сонда оның несі бизнес? Кәсіпкер пайда таппаса не үшін жұмыс істеуі керек? (...) Сотқа дейінгі тергеу амалдары өте өрескел заңбұзушылықпен жүргізілді. Тергеушілер мен судьяның заңсыз әрекеттері салдарынан мен 7,5 ай бойы тергеу абақтысында қамауда отырдым. Артынша мені Тараз қаласының №2 соты 5 жылға бас бостандығымнан шартты түрде шектеді. Тергеу абақтысында жатып мен өзімді және туыстарымды қорғау мүмкіндігінен айрылдым. Апелляциялық комиссия мені ақтаудың орнына керісінше, үкіміме тағы 2 жыл қосып берді. Менің әрекеттерімде қылмыстың иісі де шықпайды. Не прокурор, не сот менің заңды шағымдарыма мардымды жауап бере алмады. Енді бұл аздай, өзін жәбірленушімін деп есептеген екінші кәсіпкер - құрылысты жүргізуге тапсырыс беруші әйел менің үстімнен Жоғарғы сотқа кассациялық шағым түсіріпті. Ол менің 7 жылға сотталғанымды аз көріп, жазаны қатаңдатуды сұрап отыр. Ал, егер сот әділдік танытпаса мен өзімді өртеуге мәжбүрмін", - дейді Ерлан Сәди.

Айта кетейік, осыдан бірнеше апта бұрын Астанадағы Бас прокуратура ғимаратында әділдік іздеген әйел өзін өртеп, артынша қайтыс болған еді. Ал, осы апта басында Шымкентте де өзін әділдетсіздіктің құрбаны болдым деген шымкенттік азамат ОҚО прокуратурасының алдына барып, өзіне өрт қойған болатын. Қазір ол ауыр халде ауруханада жатыр. Сондай-ақ, шымкенттік тағы бір тұрғын өзін қарағандылық кәсіпкерге алданғанын айтып, құқық қорғау органдары көмектеспесе өзін өртейтінін мәлімдеген.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары