21.04.2017, 09:52

Назарбаев Мұхамедиұлының түк бітірмегенін бетіне басты

Бүгін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне дайындық жұмыстарын пысықтаған Мемлекет басшысы атқарылып жатқан бірқатар істерге көңілі толмайтынын айтып, жауапты шенеуніктерді сын астына алды.

Әсіресе, Елбасы Астана әкімі Әсет Исекешев пен Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының түк бітірмей отырғанын беттеріне басты. Назарбаевтың пікірінше, Астананың туристік орталыққа айналуға толықтай мүмкіндігі бар. Ол үшін елордада қонақ үйлер де, спорттық нысандар да, театрлар да, университеттер мен музейлер де, тіпті, кітапханалар да жеткілікті. Тек, туристерді тарту жұмыстары ғана ақсап тұр.

Елбасы сондай-ақ, медициналық туризмді дамытуға да жағдайдың бар екенін айтты. Астанадағы клиникалар заманауи қондырғылармен жабдықталып, білікті мамандар жұмыс істеуде. Алайда, біздің елге шетелден келіп емделгісі келетін ешкім жоқ.

«Біздің басқа елдерден артықшылығымыз - бағаның арзандығында. Туристерді тарту үшін медициналық нысандардың мүмкіндігін барынша пайдалана білуіміз қажет. Біз бұл туралы бұған дейін де айттық. Әсет Өрентайұлы министрлікте көп тәжірибе жинақтады, ұзақ жыл жұмыс істеді. Мен сенің осы тәжірибені толық пайдаанып, қаланы қашан өз басқаруыңа алатыныңды күткенмін», — деді Президент Астана әкіміне.

«Қаншама мәдени нысандар салынды, оны пайдаланып жатқан ешкім жоқ. Қаңырап бос тұр. Ақша тауып жатқан жоқ. Министр екеуің түк те бітіріп жатқан жоқсыңдар. Батыстың мамандандырылған компанияларына беріңдер. Ұсыныстар бар ғой... Мұнда адамдар келу керек, жарыстар өткізуі керек. Бірақ, онымен айналысып жатқан ешкім жоқ, барлығы мемлекеттің ақшасымен күн көріп жатыр. Тағы мақтанамыз, әлемдегі ең керемет театрларды салдық деп... Солай ма, Арыстанбек Мұхамедиұлы?» — деді Мемлекет басшысы Мәдениет және спорт министріне.

Дегенмен, Мұхамедиұлы Елбасының айтқандарымен келіспейді. Министрдің пікірінше, еліміздегі мәдени нысандар 99 пайызға адамдарға толы. Ал, ЭКСПО кезінде қойылатын театрлық қойылымдарға билеттердің бәрі сатылып кеткен көрінеді.