01.06.2017, 10:59

Қанат Бозымбаев Астанаға қашан газ келетінін тек бір Құдайдың ғана білетінін айтты

Бүгін ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев халықпен тікелей байланысқа шығып, атқарып жатқан жұмыстарына есеп берді. Ол өз сөзінде еліміздің солтүстік өңірлеріне, әсіресе Астанаға газ тарту жұмыстары басты назарда екенін айтты.

"Мемлекеттік экспертиза "Сарыарқа" магистральді газ құбырының құрылысы жобасын мақұлдады. Газ бағасының тұтынушыға қымбатқа түспеуі үшін бүкіл Қазақстанға ортақ бір тариф енгізу шешімі қабылданды", - деді ол өз сөзінде.

Есеп беру жиынында астаналық тұрғындардың бірі министрден елордаға көгілдір отынның нақты қашан келетінін сұраған болатын. Бозымбаев болса бұл сұрақтың жауабын Құдайға сілтеп қоя салды.

"Астанаға қашан газ келетінін бір Құдай ғана біледі. Бірақ, мен қазір айттым, Қызылордадан магистральды құбыр тартылады. Оның техникалық-экономикалық жобасын мемлекеттік экспертиза мақұлдады. Осы айда біз талқылауды аяқтап, іске кірісеміз деп ойлаймын. Жылдың бірінші жартысында үкімет бұл мәселе бойынша шешім шығаруы тиіс. Ал, газ құбырын қашан тартатынын жылдың екінші жартысында айта аламын", - деді министр.