Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жамбыл облысына жасаған сапары барысында Қазақстан халқы ассамблеясы орналасқан «Достық үйі» ғимаратында болып, жергілікті ҚХА өкілдерімен кездесті.
Айта кетейік, аталған ғимарат былтыр қыркүйек айында пайдалануға берілген. Үш қабаттан тұратын ғимаратта 175 қоғамдық келісім кеңесі, 27 аналар кеңесі, 12 медициналық кабинет және басқа да қоғамдық ұйымдар қызмет етеді. 73 этномәдени бірлестік осында Тәуелсіз Қазақстанның гүлденуі жолында жұмыс істейді.
Ғимаратты аралап болғаннан кейін Елбасы этномәдени орталықтардың өкілдерімен басқосу өткізіп, Қазақстандағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға қосқан үлестері үшін алғыс айтты. Сондай-ақ, тек өз ішімізде ғана емес, көрші елдердің халқымен де татулықта болудың маңыздылығына тоқталды.
– Мен сіздерге Өзбекстан мен Түрікменстанға сапарларымнан соң келіп отырмын. Біздің кездесулеріміз бен уағдаластықтарымыздың нәтижесінде осыған дейін болған кедергілердің барлығы алынып тасталды. Бүгінде жақын көршілерімізбен тиімді ынтымақтасу үшін барлық жағдай жасалған, – деді Қазақстан Президенті.
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының мәні мен маңызына тереңірек тоқталып, санамызды жаңғырту қоғам үшін қай кездегіден де өткір мәселе екендігіне, ақпараттық-цифрлық заманда бір орында тұруға болмайтынына айрықша назар аудартты. Мемлекет басшысы бүгінгі талаптар мен жағдайға сәйкес ұдайы білім жетілдіріп отырудың қажеттігін, адамдармен бірге бүкіл қоғамның да бәсекеге қабілетті болуы тиіс екенін, Қазақстан халқы ассамблеясының бірегейлігіне және мемлекеттік тіліміздің латын әліпбиіне көшуінің маңызды екенін айрықша атап көрсетті.
– Санамызды жаңғырту – қоғам үшін қай кездегіден өткір мәселе болып тұр. Ақпараттық-цифрлық заманда бір орында тұруға болмайды, бүгінгі талаптар мен жағдайға сәйкес жетіліп, өзгеріп отыру қажет. Адамдармен бірге бүкіл қоғам да бәсекеге қабілетті болуға тиіс. Сондай-ақ, мен тұрақтылық пен халқымыздың бірлігі дамуымыздың кепілі болып саналатынын әркез айтып жүрмін. Латын әліпбиіне өту мәселесін дұрыс түсінген жөн. Тіл – халқымызды одан әрі біріктіру үшін жетілуге тиіс, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Жастар тәрбиесі жайлы да тоқтала келе, бүгін үйленіп, ертең ажырасып жатқан жастардың тірлігіне қынжылысын да жасырып қала алмады. Нұрсұлтан Әбішұлы «Адам – қоғаммен адам» дей келе, жастарға жол көрсетіп, жан-жақты тәрбие беру қажет деп, тіл туралы тартымды ойымен бөлісті.
– Бір елдің тілін білсең, ол елдің халқы сені жақсы көреді. Ағылшын немесе неміс тілінде сөйлесең, ондағы адамдардың құрметі ерекше болады, – деді Елбасы.
Жиын соңында Елбасы «Көне Тараз» тарихи-археологиялық саябағының аумағында жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған экспонаттарды көрді.