Елімізде биылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың күшіне енгені белгілі. Алайда, аталған реформаны халық арасында түсіндіру жұмыстары әліге дейін жалғасып жатыр. Өйткені, денсаулық сақтау саласындағы жаңашылдықты әліге дейін қабылдай алмай жатқан қазақстандықтар көп. Осы орайда бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың өзі Алматыдағы С.Асфендияров атындағы медициналық университетке келіп, селекторлық жиын өткізді. Мақсат - Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу және денсаулық сақтау саласының жекеменшік ұйымдары үшін кедергілерді болдырмау мәселелерін талқыау.
Жиынға Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық кеңесінің мүшелері, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Ұлттық денсаулық сақтау палата өкілдері, медициналық жоғары оқу орындарының басшылары, Ұлттық орталық, Ғылыми-зерттеу институттары, жекеменшік медициналық ұйымдар, Үкіметтік емес ұйымдар, Алматы қалалық емханалар ассоциациясына қарасты емханалардың өкілдері мен селекторлық режимде Астана қаласы, барлық 14 облыстың Денсаулық сақтау басқармалары қатысты.
Министр күн тәртібіне екі мәселе қойды. «Биылғы жылдың қыркүйек айында еліміздің Парламент сессиясында Мемлекет басшысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізудің өзекті мәселелерін жан-жақты зерттеп, талқылаудан өткізуді тапсырды. Бүгінгі шара барысында МӘМС жүйесін оңтайландырудың тиімді жолдарын талдап, денсаулық сақтаудың әр саласындағы білікті мамандар осы жүйенің қандай тетіктерін жетілдіруді ұсынатындарыңызды ортаға салсаңыздар. Әсіресе, МӘМС жүйесін қайта реттеу мәселелеріне басымдық беріп, денсаулық сақтау саласының жекеменшік ұйымдары үшін салалық кедергілерді болдырмау жолдары мен шешімдерін талқылауды ұсынамын» деді Елжан Амантайұлы жиынның ашылуында.
Жиында сондай-ақ, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың халық қалтасына салмақ түсірмеу жайы, халыққа осы реформа аясында қызмет көрсететін медициналық мекемелердің жай-күйі, медициналық мекемелердегі қағазбастылықты жою сынды мәселелер де көтерілді.
Қордың 15 қыркүйекке дейінгі мәліметіне сәйкес, ел тұрғындары МӘМС қорының қазынасына 8,1 млрд теңге аударған. Қор әр апта сайын қазынаға түсетін жарналар сомасы мен медициналық қызмет түрлерін пайдаланатын тұтынушылардың санағын жүргізіп отырады. Бүгінде 3,9 миллион адам Қор есебінен медициналық қызмет түрлерін пайдалана алады. Келер жылы медициналық көмек көрсетуден үміткер денсаулық сақтау субъектілерінің дерекқорына барлығы 1519 денсаулық сақтау ұйымы өтініш берген. Мемлекеттік тапсырыс негізінде қызмет көрсетуге өтінім берген ұйымдардың жартысына жуығы, 45 пайызы (686 емхана) – жекеменшік емханалар.
«Жеткізушілердің дерекқорын қалыптастыру жұмыстары өте жоғары нәтиже берді деуге болады. Қор акционерлері бекіткен Даму стратегиясында жекеменшік денсаулық сақтау ұйымдарын мейлінше көбірек тарту жөнінде міндет жүктелген болатын. Дерекқор қалыптастыру жұмыстарының нәтижесі бұл мақсатқа қол жеткізуге болатынын көрсетіп берді», – деді жиын барысында баяндама жасаған «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрайымы Елена Бахмутова.
Оның айтуынша, медициналық ұйымдар өтініш беруде үлкен белсенділік танытқан. Биыл өткен жылғы сатып алу науқанымен салыстырғанда, өтініш берген субъектілер саны бір жарым есеге артқан. Денсаулық сақтау субъектілерінің дерекқорына медициналық көмектің негізгі көлемін көрсететін жеткізушілер де, медициналық қызметтің жекелеген түрлерімен айналысатын қосалқы денсаулық сақтау ұйымдары да енгізілді. Дерекқор тұрақты түрде жаңартылады, белгілі себептермен өтініш беріп үлгермеген денсаулық сақтау мекемелері алдағы уақытта тиісті құжаттарын тапсырып, дерекқорға қосыла алады.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу – Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында үкіметке тапсырған егізгі тапсырмалардың бірі. Аталған құжаттың 80-қадамында МӘМС-ті енгізудің мақсат-міндеттері көрсетілген. Бұл өз кезегінде медицина саласына бөлініп келген қаражатты үнемдеуге септігін тигізіп қана қоймай, халықтың өмір жасының ұзаруына, ауру-сырқаудың азаюына, жұқпалы ауруларды алдын алуға, науқас жандарға дер кезінде ота жасауға мүмкіндік беретін жоба.