20.01.2018, 04:34

Еліміздегі мемқызметкерлерге бұдан былай мерекелік сыйақылар берілмейді

Елімізде бұдан былай мемлекеттік қызметкерлерге мереке сайын сыйақы төленбейді. Оның орнына жыл соңында бонус берілмекші. Бірақ, оның өзі барлығына бірдей емес. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі шенеуніктерді осылай ынталандырмақшы деп мәлімдеді КТК телеарнасы.

Айгүл Шаимова, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары:

- Бұдан былай мемлекеттік қызметкерлер атқарған жұмысына сай жалақы алады. Ал, бонус барлығына бірақ берілмейді. Тек тиімді жұмыс істеген мемлекеттік қызметкерлерге тағайындалмақ. Сондықтан жаңа жүйе бойынша желтоқсан айында әрбір мемлекеттік қызметкердің жұмысы бағаланып тұрмақшы.

Яғни, осы бағалау кезінде мемлекеттік қызметкердің жыл бойы қажырлы еңбек еткені анықталса, оған төрт жалақыдан кем емес бонус беріледі. Ал, бұған дейін министрлік, әкімдік пен түрлі мемлекеттік мекемелерде істейтін жұмысшыларға мереке сайын сыйақы берілетін. Енді агенттік бұл жүйеден бас тартып жатыр. Бұған әр өңірдегі мемлекеттік қызметкерлердің әртүрлі жалақы алуы да себеп болыпты. Мәселен, өзге аймақтағы шенеуніктер Астанадағы әріптестерінен 70 пайызға кем айлық алады. Енді жаңа жүйеге бойынша әрбір қызметкер істеген жұмысына сай жалақы мен бонус алмақшы.