Бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысы жариялаған бес әлеуметтік бастама бойынша мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмалар берді деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.
«Мемлекет басшысының өз бастамаларын арнайы Үндеу арқылы жариялап, онда қазақстандықтарға шынайы алғысын білдіруі оның маңыздылығын арттыра түседі. Бұл – Елбасының халқына ұсынған президенттік әрі перзенттік сыйы. Ол бастамалардың әрқайсысы бүгінгі таңда халықтың көкейінде жүрген ең маңызды мәселелерді қамтиды», — деді Б. Сағынтаев.
Президент халықты қолжетімді баспанамен қамту, салық жүктемесін азайту, жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру, шағын несие беруді көбейту және елді газбен қамтамасыз етуді ұсынды. Атап айтқанда, әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру мақсатында Ұлттық банк арнайы ұйым құру арқылы жаңа ипотекалық «7-20-25 бағдарламасын» дайындайтын болады. Оның негізгі шарты несие өсімінің мөлшерлемесі жылына 7 проценттен, бастапқы жарнасы 20 проценттен аспайтын болады. Несие мерзімі – 25 жылға дейін.
Ал жалақысы төмен жұмысшылардың салық жүктемесін азайту үшін Ұлттық экономика министрлігіне 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап, ай сайын ең төменгі есептік көрсеткіштің 25 еселенген көлемінен аз жалақы алатын жұмыскерлерге салынатын жеке табыс салығының мөлшерін 1 процент ету тапсырылды. Бұл ретте, салықты азайтудан шығатын қаржының олардың жалақысын көбейтуге бағытталуы тиіс.
Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту мәселесі де Елбасы назарында Осы орайда, Білім және ғылыми министрлігіне жаңа экономикада сұранысқа ие мамандардың қажеттілігін талдау негізінде 2018-2021 оқу жылдарына арналған жоғары және жоғары білімнен кейінгі кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын бекіту туралы Қаулы жобасын дайындау жүктелді. Сонымен қатар жоғары білім саласына қосымша 20 мың грант бөліп, 2020 жылдың соңына дейін ең кемі 75 мың орындық студенттерге жатақхана салу көзделіп отыр.
Сондай-ақ Елбасы шағын және орта бизнес үшін несие көлемін 20 миллиард теңгеге арттыру бастамасын көтерді.
«Осы ретте еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, ұлттық экономика, ауыл шаруашылығы, қаржы министрліктеріне және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына: бірінші, ағымдағы жылға республикалық бюджетті нақтылау кезінде қосымша 20 миллиард теңге бөлуді ескеруді; екінші, әсіресе, ауылдық жерлерде шағын несие беру үшін қаражатты одан әрі бөлу бойынша ұсыныстар енгізу тапсырамын», — деді Б. Сағынтаев.
Президенттің бесінші, «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» бастамасы бойынша Бақытжан Сағынтаев энергетика, қаржы, ұлттық экономика, инвестициялар және даму министрліктеріне, тиісті өңір әкімдіктеріне «Самұрық Қазына» қорымен және «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп бір апта ішінде жұмыс тобын құру міндетін қойды.
«Қызылорда –Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана» бағыты бойынша «Сарыарқа» газ құбырын қаржыландыру мәселесін, оның ішінде халықаралық қаржы институттарынан қажетті қаржыны тарту арқылы пысықтауды тапсырамын», — деді ол.
Халықтың әлеуметтік өміріне түбегейлі өзгерістер алып келетін барлық қадамдар бойынша бірыңғай Жол картасы әзірленетін болады.
«Қашан да халқының жан-дүниесіне терең бойлап, елінің жүрегіндегі арманын тамырын тапқандай дөп басатын Елбасының бастамаларын мүлтіксіз жүзеге асырып, тиянақты орындау – бәрімізге сын! Сондықтан, біз барлық күш-жігерімізді жұмылдырып, Елбасы жүктеген, ел күткен үдеден шыға білуге тиіспіз», — деді нақтылады ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев.