Алматыда Полиция күні мен Мемлекетік қызметкер күніне арналған мерекелік концерт өтті. Мерекелік шараға жиналғандарды сахнадан артистер мен отандық эстрада жұлдыздары: қаланың ІІД-нің оркестрі, Мәдина Сәдуақасова, Бүркіт пен Аиша, «ILCANTO» квартеті, Әли Оқапов, Жәмилә Серкебаева, «Азия» және «Асыл» топтары, Ұлан Әубәкіров, Қайрат Игіліков және басқалары құттықтады.
Салтанатты шара барысында қала әкімі үздік мемлекеттік қызметкерлер мен құқық қорғау қызметкерлерін алғыс хаттармен марапаттап, құқық қорғау органдарының кәсіби мерекесі – қазақстандық полицияны табандылықпен құрғандардың және олардың қатарында еңбек етіп жүргендердің барлығына көрсетілген құрмет екенін атап өтті.
«Алматыны 2020 жылға дейін дамыту Бағдарламасының басты мақсаттарының бірі әлемнің жетекші қалаларындай, адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қала кеңістігін құру болып табылады. Міне, мұнда құқық қорғау органдарына үлкен жауапкершілік жүктеледі», - деді әкім.
Ол өзінің сөзінде құқық қорғау органдарының сапалы жұмыс атқарулары үшін қала әкімдігі мегаполистің ІІД-не жан-жақты қолдау көрсетіп келе жатқанын айтты. Мысалы, полиция қызметкерлерін материалдық-техникалық жағынан қамту 2 жыл ішінде ғана 23%-ға артып, 87%-ға жетті Наурызбай ауданында Ішкі істер бөлімі салынды,автопарк жаңарды, заманауи цифрлы құралдармен қамтамасыз ету ұлғайды. Осының барлығы заңдылық пен құқықтық тәртіпті сақтауда қызметкерлердің жеделдігі мен ашықтығын арттыруда.
Тәуелсіздік жылдары 1100-ден астам алматылық қызметкерлер мемлекеттік марапаттарды алды, олардың ішінде «Даңқ пен Құрмет», «Даңқ» пен «Айбын» ордендерінің, «Ерлігі үшін» медальдарының иелері бар.
«Бүгін мұнда батыр-полицейлер де бар. Сіздердің ерен еңбектеріңіздің арқасында көп адамдардың өмірі сақталды. Ерліктеріңіз бен батылдықтарыңыз үшін Сіздерге орасан зор алғыс айтамыз. Заңдылық пен адамдарды қорғау үшін өмірлерін қиған қызметкерлердің жақындары мен туыстарына ерекше ілтипатымды білдіремін. Біз Сіздердің қайғыларыңызға ортақпыз, батырларды мәңгі есте сақтау үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз!», - деді Б.Байбек.
Бұдан өзге, мегаполис басшысы ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тиімді мемлекеттік аппарат жасау үшін тиісті реформаларды қабылдағанын атап өтті. Мысалы, соңғы жылдары мемаппарат тиімділігін арттыру үшін жүйелі шаралар жүзеге асты: мемлекеттік қызметке қабылдаудың үш сатылық жүйесі енгізілді. «А» корпусын құру барысында дарынды әрі жемісті басқарушыларды сатылап жоғарылату ашық жүре бастады. Қызметкерлердің атқарған жұмысына орай жалақысы да заңмен бекітілді, олар кәсіби жағынан жүйелі шыңдалуда.
Айта кетерлігі, «ҚР Үздік мемлекеттік қызметкері» республикалық конкурсының қорытындысы бойынша төрт алматылық үздіктер қатарынан табылды.