Алматы әкімі Бауыржан Байбек пен Біріккен Ұлттар Ұйымы ЮНИСЕФ балалар қорының Қазақстандағы өкілі Юрий Оксамитный балалар мен қала жастарын білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау салаларында қолдау туралы меморандумға қол қойды.
Тараптар өзара ынтымақтастықтың бірқатар бағыттарын анықтады, соның ішінде балалардың жағдайын мониторинг жүйесі арқылы біліп отыру, зорлыққа ұшыраған немесе куәгер болған балаларға қолдау көрсетуді ұйымдастыру, балар мен жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу және басқалары.
Универсалды-прогрессивті модель аясында 5 жасқа дейінгі балаларға патронаждық қолдау бойынша медициналық - әлеуметтік қызметті кешенді түрде көрсетуді ұйымдастыру жоспарланған. Өзгеше білім беруді қажет ететін балаларға инклюзивті шаралар қабылданады.
«Біріккен бұл игі қадамның балалар құқығын қорғау саласының жұмысын жандандыруға, Алматыда әр бала үшін жақсы жағдайды бірдей жасауға мүмкіндік беретініне, өскелең жас ұрпақтың жан - жақты дамуын қамтамасыз ететініне сенімдімін», - деді Бауыржан Байбек.
Қол қойылған меморандум аясында Алматы әкімдігі мен и ЮНИСЕФ жастардың ресурстық орталықтары мен жастар денсаулықтары орталықтарының әлеуеттерін нығайтуға, сонымен қатар өмірлік қиын жағдай туа қалса балаларды әлеуметтік қорғаудың аясын кеңейтуге уағдаласты.
«Ең маңыздысы, Алматыда жүргізіліп жатқан жұмыстар түпкі нәтижеге бағытталған және біздің ұйымның философиясына толығымен сай», - деп атап өтті Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілі Юрий Оксамитный.
Өткен жылдан бастап «2020 жылға дейін жастарға қолдау көрсетудің Жол картасы» бағдарламасы қарқынды жүзеге асуда, ол өскелең жас ұрпақтың жан- жақты жетілуіне, мегаполистегі өмірге тез арада бейімделуіне ойдағыдай ықпал етуде. Мұнда жас мамандарды жұмысқа орналастырудың, жас отбасылардың пәтер алуының, студенттік жатақханалар салудың нақтылы шаралары қарастырылған.
Жетімдер мен ата-аналарының қарауынсыз қалған балалар үшін өмірлік барлық жағдайлар жасалуда. Тұрмысы төмен жанұялардың оқушыларына көмек көрсету мақсатында 2018 жылы жергілікті бюджеттен 771,5 млн. теңге қарастырылған.
Ерекше күтімді қаже ететін балаларға баса назар аударылуда. Қаланың 115 мектебінде инклюзивті оқыту ұйымдастырылған, 10 заманауи инклюзивті балалар алаңдары салынған.
Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ