29.07.2018, 11:44

Мемлекеттік қызметкерлер бастамашыл болуы керек

Алматыда ҮЕҰ өкілдерінің және мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің қатысуымен өткен жиындардың бірінде модератор қатысушыларға жергілікті атқарушы органның өкілін таныстырып, оның үкіметтік емес ұйымдармен әріптестік орнатып, жұмыс істескісі келетінін айтты. Шынын айту керек, бұл жайт қатысушылардың бәрін таң қалдырды. Өйткені, мемқызметкерлер тарапынан мұндай бастаманың көтерілуі өте сирек. Неге екенін тарқатып айтайын...

Айта кетейін, 2017 жылы республика аумағында «Б» корпусындағы мемлекеттік қызметкерлерді аттестациялау науқаны өткен болатын. Бұл сынақ алматылық мемқызметкерлерді де айналып өтпегені белгілі. Мен аттестациялық комиссия құрамында мүше болғандықтан алған әсеріммен бөлісуді жөн көріп отырмын.

Аттестация екі кезеңнен тұрды: алғашқы кезеңде мемқызметкерлер жеке құзыреттеріне қатысты тест сұрақтарына жауапты компьютер арқылы берді. Осы кезеңнің қорытындысына сәйкес (өз ісіңді басқару, әріптестік, шешім қабылдау, жылдамдық, өз-өзін дамыту, қызметті қолданушыларға ыңғайлану, тәртіп, жауапкершілік, бастамашылдық, сабырлық) жеке құзырет анықталып, екінші– әңгімелесу кезеңі өтті. Өз басым әңгімелесу әдісін аттестацияның ең әділ формасы деп білемін. Өйткені, компьютер арқылы тест сұрақтарына жауап беру кезінде мемқызметкерлер уақыт жағын уайымдап қобалжиды, тиісінше байқамай қате жауап беріп жатады.

Мемқызметкермен әңгімелесу алдында аттестациялық комиссия олардың бағалау қағазымен және бірінші кезең қорытындысымен танысады.

Аталған нәтижелермен танысу арқылы қызметкерлердің жеке қасиеттерін анықтауға болады, атап айтқанда, олардың бойындағы мүмкіндіктерін, ынтасын, ойлау қабілетін, сабырын, имиджі қалыптастыруын аңғара аламыз. Бұл қасиеттердің барлығы мемқызметкердің сапалы жұмыс істеуі үшін ауадай қажет.

Мен комиссияның мүшесі ретінде әрбір мемқызметкерге кәсіби құзыреті шеңберінде бастамашылдық туралы сұрақ қойдым. Өйткені, коммерциялық емес сектордық өкілі ретінде мемлекеттік қызметкердің осынау қасиеті мен үшін маңызды. Мемлекеттік қызметкер тек басшысы берген тапсырманы орындап қана қоймау керек, ол осы саланы іштей жақсы білгендіктен өзі де мүмкіндігінше бастамалар көтеріп, оны жүзеге асыра білу керек. Бұл бастамалар сол мемлекеттік органның жұмысын жеңілдетіп, халықтың ыңғайлы қызмет алуына септігін тигізуі қажет.

Мұндай бастамашыл қызметкерлер бар, оларды басшылық тарапынан ынталандырып, көпшілік алдында мадақтаса игі іс және өзгелерге үлгі болар еді. Дегенмен, басшылар мұндай қадамға өте сирек барып жатады.

Ынталандырудың жолдары көп. Солардың бірі – қызметкерді біліктілігін арттыру үшін оқуға жіберу. Ал, кейбір коммерциялық құрылымдар өз мамандарын ынталандыру үшін жаттығу залдарын, миды тынықтыратын орындар ұй ымдастырып жатады. Өйткені, миға салмақ түсіретін жұмыстардың соңы күйзеліске алып келуі мүмкін. Жасыратыны жоқ, мемлекеттік қызметте істейтіндер кеңеседе қара түнге дейін отырып еңбек етеді. Мұның соңы түрлі ауруларға алып келуі мүмкін.

Ойымды қорыта келе айтпағым, мемлекеттік қызметкердің өзі бастама көтеріп, үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс істесу бастамасын көтеруі қуантты.

А.Көбеева, Алматы қаласы бойынша Тәртіптік кеңестің мүшесі.