19.03.2019, 08:36

АҚШ президенті Азаттық радиосының 3 қызметін жабуды көздеп отыр

АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі 2020 жылдың бюджет жоспарын дайындады. Онда халықаралық хабар тарату қаржысының 22 пайызға қысқартылатыны хабарланып, Азат Еуропа/Азаттық Радиосының үш қызметін жабу көзделгені айтылады.

Бюджеттің шағын сипаттамасы 18 наурызда АҚШ-тың ғаламдық медиа жөніндегі агенттігінің (USAGM) ресми сайтында жарияланған. Агенттік Азат Еуропа/Азаттық Радиосынан өзге «Америка даусы», Radio Free Asia сынды ақпарат құралдарының жұмысын үйлестіреді.

Мәліметке қарағанда, Азат Еуропа/Азаттық радиосының бюджеті 2019 жылғы 124 миллион доллардан 2020 жылы 87 миллион долларға дейін қысқартылады. Осыған сәйкес бірқатар шығындарды да қысқару көзделген. Соның ішінде алдағы жылы Азаттықтың Грузин, Татар-Башқұрт және Солтүстік Кавказ қызметтері жабылуы тиіс.

Бұдан бөлек, Азаттықтың Балқан қызметінде де өзгеріс көзделген.

Қазір Азат Еуропа/Азаттық радиосы 22 елге 26 тілде хабар таратады. Негізгі миссиясы - тәуелсіз, бейтарап, объективті ақпарат тарату.

Жоба енді конгресстің қарауына жіберіледі.

Дереккөз: Азаттық