Кеше Парламент Мәжілісінде экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылдарды жетілдіруге бағытталған заң жобасының тұсаукесері болды.
Осындай заңның қажеттілігі туралы Елбасы Н.Назарбаев үстіміздегі жылдың 10 маусымында өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында айтып, нақты тапсырмалар берген еді. Бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналған проблемаға арналған сол заң жобасы қысқа мерзімде әзірленіп, енді Мәжілістің қарауына аяқ басты.
Тұсаукесер рәсімін ашқан Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев заң жобасын Ұлттық қауіпсіздік комитеті басқа да тиісті органдармен бірлесіп дайындағанын айта келіп, баяндама жасау үшін алғашқы сөзді Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Марат Қолқабаевқа берді. Ол заң жобасының қанша заңнамалық актілерге қандай өзгерістер енгізетініне қысқаша тоқталды.
Жоба бойынша барлығы 5 кодекс пен 19 заңға толықтырулар қосылатын болыпты. Мәселен, Қылмыстық кодекске террористік қылмыс үшін жазалау қатаңдатылады. Соның ішінде экстремизм мен терроризм қылмысы үшін сотталғандардың барлық мүлкі міндетті түрде тәркіленеді. Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне де бірнеше қатаңдатылған нормалар енгізілген. Әсіресе, қару-жарақ айналымы мен көші-қон саласындағы істер қатаң бақылауға алынбақ екен. Мәселен, үй иесі тіркелмеген азаматтарды пәтерге жібергені үшін әкімшілік жазаға тартылатын көрінеді. Бұл үй қожайындарын пәтершілер алудан жаппай сақтандыратын норма болмақ.
Одан әрі М.Қолқабаев қару-жарақ саудалау бизнесімен айналысушыларға жасалатын шектеулер туралы баяндады. Дүкендерді қай жерде ашу тәртібі енгізілетін болыпты, сондай-ақ, оқтаулы мылтықты сатуға болмайды екен. Өйткені, бізде сондай жағдайлар да орын алыпты. Оның мысалына Қолқабаев Ақтөбедегі қанды оқиғаны келтірді. Онда дүкеншінің өзі мылтықты оқтап беріпті… Бірақ мұндай тәртіпті заңға енгізбей-ақ, дүкеншінің нұсқаулығында ескерсе де болады емес пе?
Жекеменшік күзет ұйымдарына қойылатын талаптар да айрықша қатаңдатылатын көрінеді. Әсіресе, қарауында қару-жарақ болатын нысандардың күзетіне жалданатын жекеменшік күзет ұйымдарына деген талап күшейеді екен. Соның ішінде жекеменшік күзет ұйымдарына алуға болмайтын адамдар нақтыланыпты. Осы норманы өзінің баяндамасында Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов толықтырып, күзетке бір жылға жетпеген мезгілде әкімшілік құқық бұзушылыққа тартылған адамдардың алынбайтынын айтты. Кейбіреулер көшеге темекінің тұқылын лақтырғаны үшін де әкімшілік жазаға тартылып жатады. Сондайлар енді күзетке бір жыл бойы жарамайтын болғаны ма? Терроризм мен экстремизмге оның қандай қатысы бар деген ойға қалдық.
Сондай-ақ, «Туристік қызмет туралы» Заңға діни туризм мәселесі бойынша жаңа нормалар енгізілетіндігі айтылды. Мемлекеттік қызмет көрсету саласында да кейбір тыйым шаралары енгізілетін болыпты. Мәселен, қызмет көрсетуші келген жеріне немесе тұрақты тұратын жеріне тіркелмеген азаматтарға кейбір құжаттарды бермейді екен. М.Қолқабаевтың сөздеріне қарағанда, тіркелімге деген талап баяғы кеңес заманынан да асып кеткен сияқты. Тіпті, уақытша тоқтаған жерге де тіркелу міндеттеледі екен…
Жоғарыда айтқанымыздай, заң жобасы бойынша қосымша баяндаманы Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов жасап, көптеген нормаға молырақ түсінік берді. Соның ішінде, ол да қару-жарақ сату мәселесіне көп тоқталды. Бұрын мылтығы болып, алайда, оны сақтауда әкімшілік-құқықтық бұзушылық жасаған адамдарға қару тек оны сақтаудың тәртібін білетіндігі жөнінде білімін тексерткеннен кейін ғана берілетін болыпты. Білімін тексертпесе, мылтығы тартып алынады екен…
Жалпы, заң жобасында шикі тұстар бар екені анық байқалды. Мұны тұсаукесерге қатысқан адамдар айтты. Мәселен, талқылауға қатысқан саясаттанушы Досым Сәтпаев заң жобасында әкімдіктердің жанынан құрылған терроризмге қарсы комиссиялардың міндеттері туралы ештеңе айтылмағанын жеткізді. Сонымен қатар, ол заң жобасының 149-бабында шағын және орта бизнес субъектілеріне терроризмге қарсы әрекеттерді жасамағаны немесе жеткілікті дәрежеде жасамағаны үшін айыппұлдар салынатындығы туралы айтылғанын көрсете отырып, бұл шағын және орта бизнес субъектілеріне қосымша қысым болатынын ескертті. Терроризм мен экстремизмге қарсы күрес деген желеумен тағы да қосымша тексерулер жасалып, сыбайлас жемқорлыққа жол беретін факторлардың бәрі осы жерде туатын сияқты, деді ол.
Заң жобасын жасаушылар жоқ олай емес, тек террористік және экстремистік істерге ыңғайы бар ШОБ-тар ғана тексеріледі дегенімен, Д.Сәтпаевтың айтқан қаупі орынды секілді көрінді. Оны заңды жетілдіруші депутаттар да ескерер деген үміт бар.
Жалпы, заңды әзірлеушілерге көптеген сұрақ қойылды. Мәжілістің қоржынына түскен заң жобасының тұсаукесерінде осыншалықты белсенділік бұрын-соңды болмаған еді. Тұсаукесерге депутаттардан бөлек, Қазақстанда тіркелген барлық саяси партия мен қоғамдық бірлестік, ҮЕҰ, діни конфессиялар, сарапшылар мен БАҚ өкілдері белсене қатысты.