Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған жоғарғы палатаның делегациясы ТМД және ҰҚШҰ парламентаралық құрылымдарының жұмысына қатысу үшін Санкт-Петербургке келді, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Кеше Қ.Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы Парламенттік Ассамблеясының (ҰҚШҰ ПА) отырысына қатысты.
Сол күні ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының тоғызыншы отырысы болды. Шараның күн тәртібіне ұйымдастыру, заң жобалары және ережелер әзірлеу сипатындағы мәселелер кірді. Атап айтқанда, дағдарысты жағдайларда әрекет жасау; мамандар даярлау және білімін жетілдіру; технологиялық терроризмге қарсы іс-қимылды қамтамасыз ету; есірткі, психотроптық заттар және прекурсорлардың айналымын бақылау; сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды нормативтік-құқықтық тұрғыда қамтамасыз ету бағытында ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің заңнамасын үйлестіру бойынша құжаттар қабылданды.
Отырыста «Заңды тұлғалардың және (немесе) оның активтерін заңсыз иелену және басқаруға қарсы іс-қимыл туралы» үлгі ретіндегі заң жобасы қаралды. Сондай-ақ, ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің ұлттық заңнамаларын еңбек мигранттарын зейнетақымен қамтамасыз ету және адам саудасының түрлі әрекеттеріне қатысты бөлігіне жетілдіру жөніндегі ұсынымдар да қабылданды.
Қ.Тоқаевтың Ресейдің Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің Төрағасы Валентина Матвиенкомен кездесуінде Қазақстан мен Ресейдің парламентаралық ынтымақтастығының маңызды мәселелері талқыланды. Қ.Тоқаев әріптесін Қазақстан Парламенті қабылдаған, еліміздің жетістіктері туралы ауқымды құжат мазмұндалған Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы Декларациясымен таныстырды. Төраға атап өткендей, Парламент депутаттары Елордада «Тәуелсіз Қазақстан» монументін орнату, еліміздің Конституциясында Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа мемлекет құрудағы қомақты үлесін атап өту, Елорда және еліміздегі басқа да маңызды нысандарда Мемлекет басшысының есімін көрсету туралы ұсыныс айтты.
Қ.Тоқаев В.Матвиенконың биылғы мамырда Қазақстанға сапары жемісті болғанын және оның Сенатта сөз сөйлегенін атап өтті. Қазақстан Сенатының Төрағасы, сондай-ақ Астанада өткен «Діндер терроризмге қарсы» халықаралық конференцияға қатысқаны үшін ресейлік парламентшілерге алғыс айтты. Жүздесу барысында 2016 жылғы 4 қазанда екі мемлекет басшыларының қатысуымен Астанада өткен Қазақстан мен Ресейдің XIII аймақаралық ынтымақтастық форумында қабылданған шешімдерді іске асыруға да ерекше назар аударылды.
Санкт-Петербургте Қ.Тоқаев Пәкістан Ислам Республикасы Ұлттық Ассамблеясының Төрағасы Сардар Айяз Садикпен кездесті. Төрағалар Қазақстан мен Пәкістанның парламентаралық диалогын үдету туралы уағдаласты. Жүздесу барысында екі жақтың халықаралық терроризмге қарсы іс-қимылы жөніндегі тиімді құрылымдарды қалыптастырудың келешегі туралы пікір алмасты.
Депутаттар Әли Бектаев пен Михаил Бортник ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының әлеуметтік-экономикалық және құқықтық, сондай-ақ саяси мәселелер және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі тұрақты комиссияларының отырыстарына қатысты. Сенаторлар Сергей Плотников, Серік Бектұрғанов, Серік Жақсыбеков, Жеңіс Нұрғалиев және Владимир Редкокашин ТМД Парламентаралық Ассамблеясының мемлекет құрылысы мен жергілікті өзін-өзі басқару тәжірибесін зерделеу жөніндегі, аграрлық саясат, табиғи ресурстар және экология жөніндегі, ғылым және білім беру жөніндегі Тұрақты комиссияларының отырысына қатысты.
Кеше кешкісін қазақтың көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, Ресей империясы Тұңғыш Мемлекеттік Думасының депутаты Әлихан Бөкейхановтың бюстін ТМД Парламентаралық Ассамблеясына тарту ету салтанаты болды.
Бюст Ресейдің алғашқы Думасының отырысы өткен Таврия сарайындағы ТМД Парламентаралық Ассамблеясының штаб-пәтеріне қойылды. Скульптураны жасаған Өмірзақ Шаңов.
Салтанатты аша келіп, Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен ХХ ғасырдың басындағы көрнекті қазақ зиялысының туғанына 150 жыл толғаны аталып өтетін жылы бюстінің Санкт-Петербургтегі Таврия сарайына орнатылуы ерекше мағынасы бар шара екенін атап өтті. Төраға осы мерейтойға байланысты естелік шаралар ЮНЕСКО аясында өтіп отырғанын еске салды.
«Әлихан Бөкейхановтың қызметі биік адамгершіліктің, ұлттық және азаматтық парызына кіршіксіз адалдық пен шынайы берілудің үлгісі болып табылады», – деп атап өтті Сенат Төрағасы.
Салтанат барысында Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин, ТМД ПАА Кеңесінің Төрағасы, Ресей Федерация Кеңесінің Төрайымы Валентина Матвиенко, Ресей Мемлекеттік Думасының Төрағасы Вячеслав Володин, Әзербайжан Милли Меджлисінің Төрағасы Октай Асадов сөз сөйледі.
Салтанатты шараны аяқтай келіп Қ.Тоқаев, Ә.Бөкейхановтың бюсті Ресей, Қазақстан және Достастық елдерінің арасындағы тарихи байланыстар уақыты мен достық қарым-қатынастардың белгісіне айналатынына нық сенім білдірді.
Сондай-ақ, кеше ТМД ПАА Кеңесінің отырысы өтті.