Бүгін таңертең Астанадан Антальяға бет алған жолаушылар ұшағы 40 минут ұшқан соң елорда әуежайына қайта қонуға мәжбүр болды. Жолаушыларға не себепті қайтатындарын ешкім түсіндірмеген, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.
— Біз таңғы 6:50-де ұштық. Астана-Анталья бағытындағы 501-рейс. 40 минуттан соң бізге техникалық себептерге байланысты Астана әуежайына қайту керек деген хабарлама айтты. Қайтып оралдық. Бізге бір сағаттан соң қайта ұшасыңдар деген. Одан соң 14:30-да екінші нұсқаны айтты. Ал қазір 12:30-да ұшамыз, деді. Қандай техникалық себептерге байланысты қайта қонғанымызды ешкім түсіндірмейді,—деді жолаушылардың бірі.
Жолаушылардың айтуынша, ұшақты жерге қонғанда үш өрт сөндіруші көлік қарсы алған.
Алайда адамдар өрттің белгілерін байқамағандарын айтады. «Эйр Астана» өкілдері болса, ұшақ апатты жағдайда емес, штатты жағдайда қонды дегендерінен танбады.
Техникалық себептің өзі тек күдік ретінде болған, дейді.
— Алдыңғы әйнекте шытынау бар деген күдік болды. Алайда жерге қонғанан кейін, ол шытынау емес, жай ғана дақ екені анықталды. Оны кетірдік. Шытынау өте салмақты ауытқуларға алып келер еді, — деді «Эйр Астана» әуе компаниясының пиар менеджері Тілек Әбдірахимов.
Жолаушыларға қайта хабарласқанымызда, оларды қазір дәл сол ұшаққа отырып жатқандарын айтты. Кері қайту себебін түсіндірген әуе компания өкілдері ұшақ тиісті биіктікке көтеріле алмаған себепті қайта қонуға мәжбүр болғанын түсіндіріпті.