Амстердам халықаралық әуежайында Украинада апатқа ұшыраған малайзиялық «Boeing 777» ұшағында мерт болған 298 адамға арнап ескерткіш орнатылады, деп хабарлайды ИТАР-ТАСС әуежайдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
— Қазір біз ескерткіш орнатуға байланысты барлық мәселелерді ойластырып жатырмыз. Бір ғана айтарымыз, ескерткіш міндетті түрде орнатылады. Белгісіз болып тұрғаны, ескерткішті қай жерге және қалай қоятынымыз, — дейді әуежай мамандары.
«Әуежай маңы ығы-жығы халыққа толды. Жергілікті тұрғындар ұшақта қаза болғандарға арнап, әуежай маңын гүлге толтырды. Бірінің ет жақын туысы, бірінің баласы, енді бірінің анасы, қолдарына гүл шоқтарын көтерген мыңдаған адам күн сайын әуежайға қарай ағылады», делінген хабарламада.
Еске сала кетсек, малайзиялық «Boeing 777» жолаушылар ұшағы Амстердамнан Куала-Лумпурға бара жатқан жолда Украина аспанында апатқа ұшыраған болатын. Ал, оның ішіндегі 298 адамның барлығы қаза болған.