Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында жүрек-қантамырлары жүйесінің ауыр дерттері бар науқастарға аз инвазивті операция жасау жалғасуда.
КІА ҒЗИ-да 98 жастағы науқасқа қолқа қақпақшасын эндоваскулярлық әдіспен ауыстыру операциясы сәтті жасалды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында жүрек-қантамырлары жүйесінің ауыр дерттері бар науқастарға аз инвазивті операция жасау жалғасуда.
Институт мамандары – рентгеноперация бөлімшесінің меңгерушісі Алексей Колесников, интервенциялық кардиологтар Алмат Қалжанов пен Нұржан Теменов 98 жастағы В. есімді пациентке қолқа қақпақшасының ауыр стенозына байланысты транскатетерлік қолқа қақпақшасын имплантациялау (TAVI) операциясын жасады.
«Мұндай науқастарда кенеттен қайтыс болу қаупі жоғары. Бүгінде егде жастағы адамдарға да көмек көрсетіп, өмірін ұзарту және оның сапасын жақсарту мүмкіндігі бар. Бес жыл бұрын 94 жастағы, төрт жыл бұрын 96 жастағы науқасқа осындай операция сәтті жасаған едік. Ал енді 98 жастағы науқасқа жасадық», – деді Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты Басқарма төрағасы Рүстем Төлеутаев.
Қолқа қақпақшасының стенозы егде жастағы адамдар үшін аса қауіпті. Бұл дерт жүрек қызметі жеткіліксіздігінің үдеуіне, естен тануға, физикалық жүктемеге төзімділіктің күрт төмендеуіне және кенеттен қайтыс болу қаупінің артуына әкеледі. Мұндай науқастарға ашық жүрек операциясын жасау хирургиялық тұрғыдан өте жоғары қауіппен байланысты.
Ал TAVI технологиясы кеуде қуысын ашпай және жасанды қанайналымы аппаратын қолданбай-ақ зақымданған қақпақшаны ауыстыруға мүмкіндік береді.
Алдымен науқасқа қолқа қақпақшасының баллондық вальвулопластикасы жасалды. Одан кейін оң жақ сан артериясы арқылы өлшемі 29 мм биологиялық қақпақша имплантацияланды. Операция 45 минутқа созылып, ешқандай асқынусыз өтті.
Операция нәтижесі бірден байқалды: қолқа қақпақшасындағы қысым градиенті нөлге жуық төмендеп, қақпақша қалыпты жұмыс істей бастады.
Процедурадан кейін науқас жағдайын бақылау үшін анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесіне ауыстырылды.