$ 494.87  520.65  4.91

Жүкті әйелдердің кофе ішуі неліктен қауіпті? - ғалымдар зерттеуі

Зерттеушілер жоғарыдағы пікірге сүйеніп, жүктілік кезінде құрамында кофеин бар сусындардан бас тартуға кеңес береді.

Жүкті әйелдердің кофе ішуі түсік тастауға алып келуі мүмкін. Бұл туралы Америка ұрпақ өрбіту медицинасы ұйымының филадельфиялық конгрессінде таныстырылған зерттеуде жазылған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

АҚШ-тың Ұлттық денсаулық сақтау институтының ғалымдары 2007-2011 жылдары босануды жоспарлаған 1 228 әйелді бақылаған. Қатысушылардан сауалнамада кофені қаншалықты жиі ішетінін көрсетуін сұрап, артынша қанындағы кофеин мөлшері өлшеніпті. Мұнан кейін медицина қызметкерлері кофенің жүктілікке әсерін бақылапты. 

Нәтижесінде күніне 2 шыныдан көп кофе ішу түсік тастау қатерін айтарлықтай арттыратыны анықталды. Бұл орайда атап өтерлігі, жүктіліктің алғашқы 8 аптасында әйелдерге құрамында кофеин бар сусындар кері әсер етеді екен. 

«Олардың қатарында тек кофе емес, қуаттандыратын сусындар, тіпті шай да бар. Кофеинді барынша аз тұтынса да, нәресте салмақ жетіспеушілігі немесе басқа да кемшілікпен туылуы мүмкін. Ғалымдар неліктен дәл осы кофеиннің нәрестеге теріс әсер ететінін әзірге білмей отыр. Алайда оған кофе мен осы тәрізді басқа да сусындардың ынталандырушы әсері себеп болуы мүмкін деген ақылға қонатын болжамы бар. Біріншіден, мұндай сусындар адамның қан қысымын көтереді. Екіншіден, жүрек соғысын жиілетеді. Осының бәрі түсік тастауға алып келуі ықтимал», - делінеді хабарламада.

Зерттеушілер жоғарыдағы пікірге сүйеніп, жүктілік кезінде құрамында кофеин бар сусындардан бас тартуға кеңес береді. Ең дұрысы, бұған бала бойға біткенге дейін дағдыланған жөн, дейді ғалымдар. Сонымен қатар олар жүкті әйелдерге ауыр көтермеуге, дұрыс киім таңдауға кеңес береді.

«Десе де зерттеушілер кофеиннің жүкті әйелдерге әсері туралы асыра сілтеуі де мүмкін. Зерттеу нәтижесі нақты болмауы ықтимал. Себебі зерттеуге қатысушылар жалған ақпарат беріп, күнделікті ішетін кофенің мөлшерін азайтып көрсетуі мүмкін. Сондай-ақ, бірнеше жыл бұрын жүргізілген зерттеулерде ғалымдар кофе мен түсік тастау арасынан байланыс таппаған», - делінеді хабарламада. 

Ғалымдардың кейбірі адамдар күніне 25 шыныға дейін кофе іше алады деген пікірде. Ұлыбританиялық ғалымдар 8 412 адам қатысқан зерттеу нәтижесінде осындай тұжырым жасаған. Қатысушылардың кейбірі күніне 20 шыны кофе ішіп, өзін жақсы сезініпті. Медициналық тексеру барысында олардың жүрек-қан тамырлар жүйесі кофені аз ішетіндерден нашар жұмыс істемейтінін көрсетті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары