Солтүстік Қазақстан облысындағы «Центр личности» психологиялық орталығының маманы, психолог Василий Качаловпен гипноз турасында әңгімелесті. Эриксон гипнозының шебері оның пайдасы мен зияны туралы, гипнозға қатысты ақиқат пен аңыз жайында айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Гипноз – көпшілік үшін жұмбақ және тылсым құбылыс болып көрінеді. Психологтар қоғамда гипнозға қатысты қалыптасқан осы бір таптаурын пікірді сейілтуге тырысты.
«Гипноз дегенде адамның көз алдына ең алдымен 90-ыншы жылдары көгілдір экранның жұлдызына айналған Кашпировский мен Чумак елестейді. Одан кейін кинодан көргені: гипноз арқылы шындықты айтқызу немесе соның әсерімен қылмысты жасату көрінісі елестейді. Бірақ гипноз – психологтың жұмыс құралы. Адам ол арқылы өзін таниды», - дейді Василий Качалов.
Психологтарға алдына келген адаммен жұмыс істеу үшін бірінші кезекте оны гипноздан арылту міндеті тұрады. Яғни, бұған дейінгі сенімінен айыру қажет.
«Психологияда гипноз адамды белгілі бір күйге түсіру үшін қажет. Бейсана жағдайда ол қандай да бір әлеуеті барын сезеді, алайда қорқыныш, қарбалас, наным-сенімі оған кедергі жасайды. Психолог осы кедергілерден арылтып, өзін естуге көмектеседі. Баланы кішкентайынан білместіктен диссоциациялайды. Мысалы сәби ботқаны жегісі келмесе де, оның қалауын ескермей аузына тықпалаймыз. Осылайша адамда өсе келе қарама-қайшылық болып, өзінен алшақтап кетеді. Гипноз адамды өзін, қажеттілігін түсінуіне жағдай жасайды», - дейді В.Качалов.
Жақсы психолог міндетті түрде гипнозды қолданады. Адамды трансқа енгізбейінше онда ішкі өзгерістер болмайды.
«Адамның транс күйге түсуі қалыпты жағдай. Біз күніне бірнеше рет секундқа болсын оны бастан кешіреміз. Бұл күйде біздің психикамыз дем алатын, жылдам қалыпқа келеді. Ол біздің еркімізден болатын жағдай. Адам үшін трансқа ұшырау пайдалы, өте тиімді», - деп түсіндіреді психолог.
Мұндай күйді әр адам, яғни шынайы өмірден бір сәтке қол үзгендей жағдайды бастан өткерген шығар. Бұл – транстық күй. Психологияда транстық күйді тек адамға пайдасы үшін қолданады. В.Качаловтың айтуына қарағанда, кейде оған «үнемі ауыра береміз» деген шағыммен келетіндер бар. Бұл ойдан оларды оңайлықпен бас тарттыру мүмкін емес.
Адам өзін түсінуі үшін, еш жері ауырмайтынына илануы үшін гипнозды қолдануға тура келеді екен. Гипноздау тәсілін білетіндердің барлығы бірдей оны адам игілігі үшін қолданбайды. Сырттай әсер етуге бағытталған гипноз арқылы түрлі секталарға тартады, маркетингте қолданады.
«Кім ойыншықты сындырса - ол соның иесі. Түрлі сектаға гипноздап тартатындар осындай принциппен жұмыс істейді. Гипноздаушы нысанаға алынған адам үшін ненің маңызды екенін біліп алып, соған әсер ете бастайды. Содан кейін оны тілегеніне қол жеткізуге көмектесеміз деп, бір қоғамдастыққа кіруге шақырады», - дейді В.Качалов.
Маманның айтуынша, адам өзіне керекке қол жеткізу үшін барады. Жалданғандардың ішінде жоғары білімі барлар көп. В.Качаловтың сөзіне қарағанда, психология мен психиатрияда қолданылатын гипнозды эстрадада қолданылатын түрінен айыра білу қажет.
«90-ыншы жылдары Кашпировскийдің бағы жанды. Қоғамда болып жатқан өзгерістерден адамдар онсыз да трансқа түскен еді. Жұрттың бар ойы «ертеңіміз не болады». Міне осы кезде экранға Кашпировский шығып, нық дауыспен, тура қарап нұсқау бере бастады.
«Сіз маған қарап, менің дауысымды естігенде сізге игілік әкелетін белгілі бір өзгерістер басталады» - дейтін ол.
Оның тәсілдері залдың ішінен таңдап алынған тез иланғыштарға әсер ететін. Мұны көрген басқалар сенетін», - дейді В.Качалов.
Оның пікірінше, адамдарға үнемі туған-туыстарының гипнозы әсер етеді.
«Неге адам ештеңе істемей күнін диванда өткізеді? Өйткені оған үнемі «сенің қолыңнан ештеңе келмейді» деп айта береді. Оның энергиясы мен мақсаттарын алады. Немесе бір адам жақсы нәтижелерге қол жеткізеді, бірақ өзі содан рақаттанбайды. Ендеше бұл нәтижеге қол жеткізуді оған біреу міндеттеген», - дейді маман.
Біреудің манипуляциясынан құтылудың жақсы амалы – онымен байланысты үзу, барынша араласпау. В.Качаловтың сөзіне қарағанда, басқа адамның саған әсерін сезуге болады. Біреу-міреумен сөйлескеннен кейін көңіл-күйің еш себепсіз бірден өзгерсе, яғни бұған дейін жабыраңқы болған көңілің көтерілсе, онда ол сана-сезімге әсер етпек болған.