"Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде" демекші, әр адам уақытында денсаулығына мән беріп, нақты ережелерді сақтаса, тұмау ауруларының алдын алуға болады. Халық арасында тұмаулатпас үшін түрлі әдістер қолданылады: адамдар лимон мен бал қосылған шай ішеді немесе мұрынға қандай да бір бальзам жағу арқылы қорғанып жатады. Ал медицина ғылымында тұмауды алдын алудың 7 ережесі бар.
1. ЖРВИ-мен (жедел респираторлық-вирустық инфекциялар) ауырмаудың ең дұрыс жолы – вируспен алшақ болу. Ал мұндай вирустың көзі адамдар болып табылады. Яғни, вирустан алшақ болу үшін адамдармен, соның ішінде ауыратын адамдармен кездеспеуге тырысу және ауыратын адамдар жиналатын орындарға бармау керек. Ауырып жүрген адамдар ауруханаларда көп болады. Сондықтан тұмау мерзімінде балалар емханасына барудың қажеті жоқ. Балаға екпе салдыратын уақыт келсе де, тұмау мерзімінің басылғанын күтіңіз немесе сау балалар күнінде барыңыз. Әдетте, балалар емханасында бір күн сау балаларға арналады.
Вируспен кездеспеймін деп адамдарды көрмей жүру мүмкін емес. Бірақ кішкентай баласы бар ата-ана тұмау мерзімінде адам көп орындарға артық бармауға тырысуы керек. Мысалы, қатты алыс жер болмаса, қоғамдық көлікке отырудың орнына жаяу жүру, ойын-сауық орталықтарына бармау, супермаркетке баланы өзіңізбен бірге апармау (егер күйеуіңізбен бірге шыққан болсаңыз, өзіңіз дүкенге кіріп, ал әкесі мен баласы дүкеннің айналасында серуендей тұрсын). Себебі таза ауада вирус жұқтыру мүмкін емес. Тіпті, далада адам толып жүрсе де, оның арасында ауырып жүрген адамдар болса да, таза ауада вирус жұқтырып алу қаупі өте төмен. Мысалы, ауладағы балалар алаңында балаңыздың еркін ойнап жүре беруіне болады.
2. Ауыратын адамды оқшаулау. Ауыратын адам үйде отыруы керек. Ол жөтелгенде түкірігі шашырап, ауаға инфекция тарайды. Сондықтан ауыратын адамға маска кигізу керек. Маска сау адамды қорғамайды. Масканы ауыратын адам киюі керек.
3. Ең басты ереже – бөлмені желдету. Бөлмені жиі желдету арқылы ауадағы вирус шоғырлануын азайта аламыз. Тек үйді желдетіп қана қоймай, бала баратын мекемелерді де қадағалаңыз. Мысалы, балаңыз балалар бақшасына немесе мектепке барса, баланы алып кетерде баладан және тәрбиешіден (мұғалімнен) бөлмені желдеткен-желдетпегенін сұраңыз. Егер желдетілмесе, ескерту жасаңыз. Бөлмені желдету кварцтаудан да тиімді екенін ұмытпаңыз.
4. Мұрынды шаю. Біз бөлмедегі вирус мөлшерін азайтып қана қоймай, мұрын шырышты қабығындағы вирусты да азайта аламыз. Ол үшін тұз ерітіндісімен мұрынды жуып, тамақты шаю керек. Тұз ерітіндісінің дайын түрлері дәріханаларда сатылады. Ал үйден дайындау үшін 1 л қайнаған суға 1 шай қасық тұзды ерітіп, оны бөлме температурасына дейін суытамыз. Сол ерітіндімен даладан кірген соң өзіңіздің және баланың тамағы мен мұрнын шаямыз. Балаңыз кішкентай болса, мұрнына тұз ерітіндісін тамызуға болады.
5. Қолды таза ұстау. Қол, әсіресе, ауру адамның қолы арқылы инфекция жылдам тарайды. Тұмауратқан адам бір минуттың ішінде қолымен аузы-мұрнын бірнеше рет ұстайды. Сондықтан қол алысу, есіктің тұтқасын ұстау – мұның барлығы инфекция таралуының бір жолы. Сол үшін әр нәрсені ұстай бермеуге тырысыңыз. Балаларды кішкентай кезінен аузын қолымен жауып емес, шынтақтың ішкі бүгілісіне жөтелуге үйрету керек. Бұл әдетті уақытында үйрету маңызды. Қолды жиі жуып тұрыңыз және үнемі өзіңізбен бірге зарарсыздандыратын спрей алып жүріңіз.
6. Жергілікті иммунитетті қамтамасыз ету. Яғни, шырышты қабықтарды қорғау. Вирусты қанша жуып тастасақ та, шырышты қабық құрғап кетпей, ылғал болып тұруы керек. Әйтпесе, ол дұрыс жұмыс жасамайды. Жергілікті иммунитетті қамтамасыз етуге тыныс алатын ауа тікелей әсер етеді. Егер ауа құрғақ әрі жылы болса, жергілікті иммунитет болмайды деген сөз. Жылу қосатын мерзімде ауа қатты құрғайтындықтан, адамдар жиі ауырады. Сондықтан әр үйде ауа ылғалдандырғыш болуы керек.
7. Екпе алу. Дәрігерлер ЖРВИ-ге қарсы екпе алуды ұсынады. Бірақ екпе тек бір вирусқа қарсы ғана болады. Барлық вирусқа қарсы тұратын бір екпе жоқ. Ал сіз вирустың қай түрімен ауыратыныңыз белгісіз.
Дереккөз: Massaget.kz