Алматы облысындағы 7 жасар қыздың өлімі дәрігерден емес, дәріден болып шықты. Евгения Игнатьева бірнеше күн бұрын қаршадай баласының ажалына дәрігерлерді кінәлаған. Ал Васелина Бражникованың парацетамолдың кесірінен ажал құшқаны анықталды. Қызуы көтерілген қызына анасы қайта-қайта бас ауруының дәрісін ішкізе беріпті. Соның салдарынан бауырына зақым келген, деп хабарлайды КТК.
"Баланың қан анализін, бәрін алғаннан кейін бауырдың зақымдалғанын көрсететін көрсеткіштер бар, сол жоғары болды. Балада орталық жүйке жүйесінің зақымдалуы болды. Кома жағдайында түсті деген. Соның бәрін байланыстыра отырып, Рей синдромы диагнозын қойдық", - дейді Алматы аймақтық балалар клиникалық ауруханасы директорының орынбасары Асқар Қалиев.
Васелинаға жасаған бірнеше тексеру Рей синдромы диагнозы екенін растаған. Бұл - жасөспірімдер сирек шалдығатын, өте қауіпті ауру түрі. Ол дәрінің сезімтал мүшелерге қарсы әсер беріп, ағзаның зақымдалуына әкеп соқтырады. Евгения Игнатьева қызына парацетамолды мөлшерден тыс берген. Сөйтіп, қызуы түспеген Васелина бір аптадан соң іші ауырып, жансақтау бөлімінен бір-ақ шығып, ауруханада көз жұмған.
Васелина Бражникованың ажалына қайғыдан қан жұтқан анасы жедел жәрдем қызметкерлерін жазғырған болатын. Яғни, жай ғана іші ауырған 7 жасар қызына алып-ұшып жеткен ақ халаттылар диагнозсыз 12 жастан асқан балаларға ішуге болатын дәрі берді деген еді.