Балаға өлең жаттатқанда не өзіміз жаттағанда есте сақтау қабілеті нашар болса, аздаған қиындық туғызуы мүмкін. Алайда жиі-жиі өлең жаттап, миды іске қосқан сайын есте сақтау қабілеті де жақсарып, өлең жаттау да оңайлай түседі. Өлеңді тез жаттауға арналған бірнеше тәсілді сынап көріңіз.
Өлең жаттауды мейлінше ертерек қолға алған дұрыс, кем дегенде айтатын күннен 2-3 күн бұрын жаттай бастасаңыз, сол күнге сақадай сай тұрасыз. Алдымен өлеңді бірнеше рет дауыстап оқып алыңыз. Одан соң оқиғаның ішіне еніп, әр картинаны көзге елестетіп, мәнін ұғыныңыз. Өлеңде бас кейіпкер болса, оның орнына өзіңізді қойып немесе ақынның не айтқысы келгенін түсінуге тырысып, жан дүниесіне үңіліңіз. Өлеңді көшіріп жазып алсаңыз, көз алдында елестеп, тағы бір есте сақтау жолы арқылы қабылдайсыз. Енді жазып алғаныңызды тағы бір рет дауыстап оқи отырып, миыңызға тоқып алыңыз. Содан соң жаттауға көшеміз. Бірінші шумағын бірнеше рет оқып, қайталап, есіңізде сақтаңыз, келесі шумақтарын да осылай бір-бірден қосып отырыңыз. Қосымша қағазға әр жолдың бірінші жолын жазып қойыңыз. Барлық шумақты есте сақтағаннан кейін, ұмытып қалсаңыз, қарап алуға болады.
Есте сақтаудың барлық түрін қолданыңыз
Дауыстап оқыңыз, көшіріп жазыңыз, дауысыңызды диктофонға жазып, тыңдаңыз. Өз дауысыңызды тыңдап, қайталап айтсаңыз да есте жақсы сақталады, бұл әдіс әсіресе мағынасын аса түсінбейтін, шет тілдерінде жазылған өлеңжі жаттауға жақсы көмектеседі. Ұйықтар алдында міндетті түрде оқып жатыңыз, таңертең таза мимен тағы қайталасаңыз, есте сақталу мүмкіндігі арта береді. Әр жолдың бірінші сөзін жазып алып, ұмытпайтын жерлеріңізді біртіндеп өшырып отырыңыз. Алдымен екі жолды, содан соң әр шумақтың бірінші сөзін, соңында екі шумақтың, төрт шумақтың бірінші сөзін ғана қалдырып, азайта берсеңіз, мүдірмей айтатындай жаттайсыз. Рэп секілді оқып немесе бір уәеннің ырғағына салып ап, ән секілді жаттасаңыз да тез жатталады.
Дереккөз: Massaget.kz