06.02.2020, 03:55

Уханьдық дәрігер коронавирустың пайда бола бастағанын былтыр ескерткен

Артынша, дәрігер полициядан ресми ескерту алып, оған «қоғамдық толқу тудыруы мүмкін қауесетті» таратқаны үшін айып тағылған.

Уханьдық офтальмолог дәрігер Ли Вэньлян қауіпті індет коронавирус туралы 2019 жылдың желтоқсанында ескерткен болып шықты, деп хабарлайды tengrinews.kz, Sixth Tone-ге сілтеме жасап.

Дәрігер былтыр 30 желтоқсанда медицина академиясындағы әріптестеріне бірдей белгімен ауруханаға түскен жеті науқас туралы айтып берген. Алғашында ол бұл 2000 жылдары Қытай мен өзге елдерде эпидемия тудырған вирус (SARS) деп ойлаған. Оның бұл болжамын әріптестері талқыға салған.

«Біздегі жедел көмек көрсету бөлімінде карантин жариялады. Жеті науқастан атип пневмониясы анықталды», - деп жазған дәрігер Weibo желісінде.

«Қорқынышты, әрине. SARS келгені ме сонда?» - деп сұраған дәрігердің әріптесі. Ли Вэньлян дәрігерлерді сабырға шақырып, әзірше вирус анықталмағанын айтқан.

Түн уақытында Уханьдағы денсаулық сақтау басқармасының шенеуніктері дәрігерді шақырып, неліктен қауесет таратып жүргенін түсіндіруді талап еткен. Артынша, дәрігер полициядан ресми ескерту алып, оған «қоғамдық толқу тудыруы мүмкін қауесетті» таратқаны үшін айып тағылған.

Алайда, тек бір айдан кейін Қытайдың Жоғары соты бұл ақпаратты жасырып қалудың қажеті жоғын мойындаған. Ал дәрігер бұл уақыт аралығында науқастарға көмек көрсетуін жалғастырған. 10 қаңтарда Ли Вэньлян өзін нашар сезінген, сонымен қатар, оның туыстары да ауырып қалған. Бірінші ақпанда дәрігер 2019-nCoV вирусын жұқтырғанын айтқан. Бүгінде ол емделіп жатыр екен.