Facebook желісіне Түркістан обылысының Қазығұрт ауданындағы жедел жәрдем орталығы туралы видео жарияланды. Онда бір тұрғын жедел жәрдем кезекшілерінің шақыртуға келмей, көліктерін қаңтарып қойып, кабинеттерінде ұйықтап жатқандарын көрсетуде, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Бір сағат болды, операторлар ұйықтап жатыр. Тұрғызып алдым», - деген жігіт жалғыз өзі отырған операторға: «Врачтарды шақырыңызшы! Машиналардың бәрі бос қой. Сағат, міне, 5-тен 15 кетті», - дейді. Одан жауап ала алмаған соң, өзі дәрігерлер ұйықтап жатқан бөлмеге қарай беттейді.
Бөлмеден ұйқылы-ояу шыға келген дәрігер әйелге: «Сіз ұйықтап жатсыз ба?» - деп еді, ол да ләм-мим деместен, сырт киімін жүре киіп, қаша жөнелді. «Міне, «бос емес» деді де, ұйықтап шықты мына жақтан, - деген жігіт әлгі дәрігер шыққан бөлменің ішіне енді. Онда өңкей жігіттер жатыр екен. – Тұрыңдар-ей, жігіттер!.. Тұрыңдар-ей, врачтар!.. Мына жақта аурулар күтіп отыр ғой сендерді. Бір сағат болды ғой звондағанымызға. Міне, қандай врачтар, қандай дежурный екенін біле береміз. Жалоба көп. Врачтары сөмкесін тастады да қашып кетті», - деді одан әрі, ашынған азамат.
Дәрігерлер аудан тұрғыны өз аяғымен келіп оятқаннан кейін ғана ұйпа-тұйпасы шығып, бөлмелерінен шыға бастады. «Міне, ұйықтап шыққандар. Машина жоқ дейді, тізіліп тұр», - деді оларды ұялы телефонына түсіріп алып жүрген азамат.
Оны көрген желі қолданушылар да мәселеге бейжай қарай алмай, өре түрегелді. «Мынаған Денсаулық сақтау министірлігі жауап берсін. Не сұмдық?! Жаза қолдануларын талап етемін. Бастығымен жұмыстан кетсін! Жынды ма мыналар?», «Сенікі дұрыс, ағатай. Өйткені, бізде де осылай. Келес ауданының қазіргі Абай ауылындағы больницада осылай барасың, қарамайды», «Телефон соғып, скорыйды өмірде ала алмаймыз. Ауру баланы такси ұстап апарамыз. Сұмдық!», «Осындай дәлел керек.Сонда шара қолданылады. Дәлел жоқ болса құтылып кетеді» деп шырылдауда жұрт.
Арасында «Дәрігерлер де депутаттардан үйренген-ау, жұмыс кезінде ұйықтауды» деп мысқылдап алғандар да болды. Осы орайда, Жанбота Копашева есімді дәрігер: «Аузыңызды байқап сөйлеңіз! Көрер едім, түнімен суткада жұмыс жасасаң», - деп дүрсе қоя берді.
Оған қарсы «Сізді біреу қинап жұмысқа қойды ма? Жауапкершілік болу керек!», «Жанбота Копашева, суткаға ұйықтап, дайындалып келмей ме түнімен? Күндіз өз шаруаларыңмен жүріп, түнде ұйықтауға келесің ғой. Олай ұйқың қанбай жүрсе, жұмыстан шығып кет, халықты алдамай! Сосын жалғыз сендер емес, сутка жұмыс жасайтын» дегендей пікір қалдырғандар көп. Алайда, дәрігер де оңайлықпен бет қаратайын деп тұрған жоқ, «Дәрігер, фельдшер тауып берсеңдерші, мықты болсаңдар!» - деп қасарысып отыр.
Ал Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы аккаунтынан: «Бұл жағдай бойынша Қазығұрт аудандық медициналық жедел-жәрдем станциясының барлық қызметкерлерінен түсініктеме алынды. Диспетчер, дәрігер, фельдшер және жүргізушіге қатаң сөгіс берілді. Шақыртуға бригада барып, қызмет көрсетілген. Науқастың туыстары тарапынан шағым жоқ» деген жауап жазылды.
Тағы оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтандағы Mega Silk Way сауда орталығында түрік азаматы өзін пышақпен жаралады (ВИДЕО)
Желі қолданушылар ол жауапқа да қанағаттанып отырған жоқ. Айтуларынша, көбі жедел жәрдемнің осындай немқұрайдылығы мен жайбасарлығынан әбден ығыр болыпты.