Жаһандық індеттердің таралуында циклдық сипат бар деген қаншалықты рас? Мәселен, соңғы 4 ғасырдағы жаппай пандемиялардың ең ауқымдылары 20-жылдарға тұспа-тұс келіп отырған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Атап айтсақ, 1720 жылы жаһан жұртшылығы Марсель обасынан жапа шекті. 1820 жылы Азия холерасы көп халыққа кесапат алып келді. Тұп-тура бір ғасыр өткенде, яғни 1920 жылы Испан тұмауы 150 миллиондай адамның өмірін қиды. Енді араға 100 салып, коронавирус келіп отыр. Бұл сәйкестік пе, әлде, қандай да бір заңдылық бар ма?
1720 жыл. Бүкіл батыс Еуропа мен Солтүстік Африка арасындағы сауда-саттық Францияның портты қаласы Марсель арқылы жүзеге асатын. Сол жылы Кипрден ішінде алты мәйіті бар сауда кемесі келді. Су көлігі кәрі құрлыққа жұқпалы вирусты әкелді.
«Бір қаладан екінші қалаға өткен саудагерлер өздерінің тауарлары – әртүрлі метал, күміс, мыс, алтын тасып отырған. Сонымен қатар, саудагерлердің өздері де осындай бактериялардың тасымалдаушысы болған», - дейді нумеролог Ажар Шалдарбекова.
Індет әуелі порттағы қызметкерлерді қырып, сосын халыққа жаппай жұға бастады. Билік сауда тоқтамасын деп, обаны жасырмақ болған. Бірақ, бірнеше айдан кейін Францияның көшелерінде мыңдаған мәйіт шіріп жатты. Бір қаланың өзінде 60 мың адам өліп, дерт бүкіл мемлекетті дендеді.
«19 ғасырға дейін басты себеп табиғаттағы апаттардан болды. Жаңбыр болмай қалды, құрғақшылық, жұт болып қалды. Ал 19 ғасырдан бастап бұл – экономикадағы монополизм. Экономикалық жауапсыздық, экономикалық қылмыспен ұштасып жатыр», - дейді тарих ғылымдарының докторы Хангелді Әбжанов.
1820. Тура жүз жылдан кейін Азия жұртына жұт келді. Бұған дейін әр жерде бір бой көрсеткен тырысқақ ауруы Үндістанды түгел жайлап, төрт жылда 900 мың тұрғынды опат қылды. Індеттің негізгі себебі – айларға созылған аптап пен өзендердің шамадан тыс ластануы. 2 ғасыр өтсе де, адамзат холераны әлі жеңе алмай келеді. Тырысқақ ауруы талай адамға топырақ жамылдырып жатыр.
«Одан кейін талай ұрпақ ауысты, бірақ, вирус ешқайда кеткен жоқ. Тығылып жатыр. Біраз уақыттан соң қайтадан шығуы мүмкін. Өйткені, кез келген ауру 4-5 ұрпақ ауысуынан кейін қайталанып отырады. Болашақта тағы дүмпулер болуы мүмкін», - дейді вирусолог Евгений Никитин.
1920. Арада тағы жүз жыл өтті. Нәубеттің назары тағы Еуропаға түсті. Адамзат тарихындағы ең «жауыз» эпидемия Испанияда басталған еді. Осы елдің атымен аталатын тұмау жер бетіндегі 550 миллион адамға жұғып, 100 миллионға жуығын жер жастандырды. Бұл бәлекет адам атаулыны едәуір азайтып қана қоймай, болашаққа балта шапты. Өйткені, қаза болғандардың барлығы нағыз демографияға үлес қосатын 20 мен 40 жас аралығындағылар еді.
«Өнеркәсіптік төңкеріс бұрынғы өнімсіз қол еңбегін машинаға, автоматтандыруға айналдырды да, енді бір сәттің ішінде мың, миллион өнім шығаратын болды. Ауа да, су да, топырақ та бұзылды. Осындай медициналық, экономикалық, әлеуметтік себептердің бәрі аяқасты індетке ұрынып, қорғансыз адамдар қырылып қалды», - дейді Хангелді Әбжанов.
2020. Тура бір ғасырдан кейін, адам баласы әупірімдеп жүріп бетін қайтарған тұмау типтес бәлекет «басына тәж киіп» тағы келді. Коронавирус 3 айдың ішінде 300 мың адамға жұғып, 180 елде 13 мыңға жуық науқас жан тапсырды.
«Күн қатты энергия шашады да, құрғақшылық немесе басқа бір қиыншылық болады. Бұл цикл айналып келіп отырады. Мүшел дегеннің өзі осындай ұғым. Бұл жерде ғарыштық күштердің әсері бар», - дейді тарих ғылымдарының кандидаты Амантай Исин.
Осыдан кейін бұл шынымен цикл ма, пандемиялар 100 жыл сайын тұрақты түрде қайталанып келіп отыра ма деген сұрақ туындайды.
«1720 жылы чума, 1820 жылы холера болды. 1920 жылы испан дерті және тағы да көп ауралар болған. Енді 2020 жыл. Бұл жылдарды қосып, орта есеппен сандарды қарайтын болсақ, ешқандай сәйкестік жоқ. Мысалы, 1720-ны қосқанда, биылғы жыл 4 саны шығып тұрса, ол жақта 1 саны, 2 саны, 3 саны, 4-пен келе жатыр. Яғни, бұл жерде ешқандай сәйкестікті байқамадым», дейді нумеролог Құралай Бақытқызы.
Бұл дегеніміз – әр жүз жыл сайын жаһан жұрты жаман хабар естіп, жаппай қырылып жатады деген сөз. Қорықпайын десең, осы коронавирус туралы «кезінде анау бүй депті, кейін мынау сүй депті» дейтіндер көбейді. Рас-өтірігін қайдам, жұқпалы дерт жайында Ванга әжей де болжап тастаған екен. Айна жылында, яғни екі жағындағы сандары бірдей жылда жер бетін ауру жайлап, әлемге әжептәуір қауіп әкеледі депті.
«Биылғы жылды да естіген шығарсыз, қытай «год металлической крысы» деп жатты. Металл және тышқан жылы деп. Бес стихияның ішіндегі ең қауіпті жыл осы металл жылы болып тұр. Ол – бізде 2020-2021 жылдар», - дейді нумеролог ханым.
Симпсондар туралы мультфильмнің 1993 жылы шыққан бөлімі Азиядан әлемге таралатын ауру туралы түсірілген. Бұл көріпкелдік пе? Дәл осы мультсериал Дональд Трамптың президент болатынын да, Германияның футбодан әлем чемпионатын жеңетінін де дөп басқан.
Сенбейін десең, сәуегейлік қазақ қоғамынан да алыс емес қой. Қашан да хандардың жанында көріпкелдер отырған. Ал Мөңке бидің болжамын оқысаңыз, дәл қазіргінің көрінісі.