Еліміздің ірі қалалары карантинге жабылғалы бері, әлеуметтік желілерде біздің санитарлардың «қиналып жүрмегенін» айғақтайтын видеолар көбейді, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Көшеде залалсыздандыру құралдарының буын будақтатып жүрген Қытай, Түркия, БАӘ сынды елдермен салыстырғанда, дәрісін тротуарға кішкентай насоспен сеуіп, аулада алаңсыз әткеншек теуіп отырған қазақ сарбаздарының тірлігі қынжылтады.
Ол, әншейін, бергі жағы екен. Енді көпқабатты үйлердің кіреберістерінде жұмыс істеп жүрген кейіп танытып, онысын суретке түсіріп алып, тайып тұратындар шығыпты. Ресейлік әріптестерінен үлгі алған түрлері болса керек. Кеше сондай бір сәтке куә болған елордалық тұрғын екі санитарды видеоға түсіріп алған.
«Неге сіздер келіп алып, мына жерде дезинфекция жасаған болып суретке түсіп тұрсыздар?» - дейді оларға видео авторы. Бірақ, оған суретке түскен әйел де, оны түсіріп алған жігіт те жауап қатпай, өз беттерінше күбірлесіп тұр.
«Жоқ, неге бұлай істеп тұрғандарыңызды түсіндіресіздер ме? Не үшін жұмыс істеп жүрген түр жасап, жай ғана суретке түсіп-түсіп алып, кетіп қаласыздар? Кім берді бұндай тапсырманы?» - дейді олардың назарын өзіне аудартпақ болған тұрғын. Екеуі сонда да оған жауап қата алмай, тек бір-бірімен міңгірлеседі.
«Күлкілі шынымен-ақ. Сіздер келдіңіздер, сурет түсірдіңіздер де кеттіңіздер. Дұрыс па?..» - дейді оған ыза болған әйел. Екеуі сонда ғана «Басқалары келеді», - деп тездетіп қаша жөнелді.
Соңдарынан ілесе шыққан тұрғын: «Басқалары келсе, сіздер неге мұнда жұмыс істегенсіп суретке түсіп тұрсыздар?» - деп айқайлап еді, «ұялған тек тұрмастың» кебін киген сабаздар арттарына бұрылып қарамастан: «Басқалар келеді. Дезинфекцияны солар жасайды», - деуден әрі аса алмай, безіп кетті.
Міне, Қазақстандағы қазіргі жағдай осы! Жоғарыдағы сілтемелерді бір-бірден ашып, көріп шығуларыңызға болады.