Атыраулық дәрігерлер Нұр-Сұлтан қаласы дәрігерлерінің эстафетасын қабыл алды, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Видеоны Қазақстан-Атырау телеарнасының басшысы Қанат Әуесбай Facebook-парақшасына жүктеді. Дәрігерлер челленджді жалғастыра отырып, Атырау тұрғындарына үндеу жолдады.
Видеода олар кең дүниенің тынысын еркін тыныстау үшін үйде болуын өтінді. Өйткені олар біздің өмірімізді арашалау үшін вируспен күресу мақсатында отбасын үйде қалдырып, өздері жұмыста қалды.
Дәрігерлер, сонымен қатар тұрғындарды жалған ақпараттардың көптеп таралуына байланысты тек ресми мәліметке сенуге шақырды.
"Далада ешкім жоқ, бұл уақытша құбылыс. Тек шыдап бағыңыз. Тысқа шығуға талпынбаңыз. Бұл біз үшін маңызды", - дейді дәрігерлердің бірі.
"Өз денсаулығыңызды қорғау - дәл қазір өз құзырыңызда. Жай ғана өз мекеніңізде жақындарыңызбен аман отырыңыз", - деп жалғастырды жедел жәрдем қызметкерлері.
Осылайша атыраулық дәрігерлер астаналық әріптестері бастаған үндеуге қолдау білдірді.
Видео соңында дәрігерлер вирустың таралуын тоқтатуға тұрғындардың өздері жауапты екенін айтып, ережелерді қатаң сақтап, ұлт болашағы үшін үйде қалуымызды өтінді.