Ақтөбеде карантин режимін сақтамаған азаматтар жауапқа тартылып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұған дейін тәртіп сақшылары негізінен тек ескерту жасап келген еді. Енді себепсіз көшеде жүрген жандарға айыппұл салынады немесе бірнеше тәулікке қамауға алынады. Тәртіптің күшейгені ертемен-ақ белгілі болды. Себебі, полицейлер көшеде жүрген әрбір жүргінші мен көлікті тоқтатып, құжаттарын талап етуде. Бұл жұмыс әлі де болса жалғасуда. Себепсіз көше кезуге рұқсат жоқ. Ал қызметіне орай шыққан жандар жұмыс орнынан берілген анықтамамен ғана жете алады.
«Арнайы тұраққа 50 автокөлік жабылып отыр. Ол автокөлік жүргізушілерінің ешқандай құжаттары жоқ. Мұның барлығын біз қалай анықтап отырмыз? Бізде барлық тіршілік көзін қамтамасыз етіп отырған қаладағы мекемелердің арнайы тізімі бар. Жеке автокөліктері «Сергек» базасына тіркелген. Осы тізімге, мекемеге жатпайтын болса, біз ол автокөліктерді тұраққа қойып жатырмыз», - дейді облыстық ПД ЖПБ бастығының орынбасары Айдос Құлжанов.
Бүгіннен бастап тұрғындар азық-түлік алуға үш күнде бір рет қана шыға алады. Онда да жақын маңдағы сауда орнына, отбасынан бір адамға ғана баруға рұқсат етілген. Мұндай қатаң тәртіп орнатуға қауіпті кеселдің белең алуы себеп болып отыр.
Соңғы деректерге сәйкес, Ақтөбе облысында дерт жұқтырған 27 азамат тіркелді. Оның 9-ы айығып шықты. Бірақ, олар да әзірге үй карантинінде болуы тиіс. Айта кету керек, өңірде қазір 4 көпқабатты үйдің тұрғындары оқшауланды және екі азық-түлік дүкені жұмысын тоқтатты.