Түркістан облысында бір отбасының 7 мүшесі қауіпті індеттен айығып шықты. Арыс ауданының тұрғындары алдағы уақытта үй карантинінде дәрігерлердің қадағалауында болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық төтенше жағдай штабының соңғы мәліметіне сай, Арыс қаласында «Наурыз» мөлтек ауданы мен оған іргелес елді мекенде карантин жарияланған болатын. Шұғыл түрде ауруды ауыздықтау шарасының арқасында 3 мыңнан астам халық 4 сағаттың ішінде толық медициналық тексеруден өткен.
Осылайша, қауіпті індеттің басқа аймақтарға таралуына тосқауыл қойылған. 40 медицина қызметкері қауіпсіздік шараларын қадағалай отырып, тұрғындардың дене қызуын өлшеп отырған. Оларды тексеруден өткізген. Коронавирус инфекциясының ошағына айналған аймақта тәулік бойы қызмет көрсететін медициналық тірек бекеттері орнатылған. Тұрғындар алысқа бармай-ақ, үйлерінің жанындағы дәрігер көмегіне жүгініп келген.
Барлық мағлұматтар штабқа хабарланып, шұғыл әрі кәсіби жүргізілген жұмыстың арқасында ауру басқа жаққа тараған жоқ. Жалпы, аудан бойынша дертке шалдыққан 17 науқас тіркелген. Олардың 14-і жазылып шыққан. Жақын және ықтимал қарым-қатынаста болған 28 адамнан да сынама алынып, теріс нәтиже беруіне орай үйлеріне қайтарылған. Отбасымен қайта қауышқан азаматтар ақ халатты жандарға алғыстарын білдіруде.