04.05.2020, 16:20

«Оқшаулану талаптарын сақтаған әрбір қазақстандыққа алғыс айтқым келеді» - бас санитар

Айжан Есмағамбетованың айтуынша, әр өңірде жедел штаб немесе жергілікті атқарушы органдарда мобильді топ жұмыс істейді.

ҚР мемлекеттік бас санитариялық дәрігері Айжан Есмағамбетова соңғы екі аптада коронавирус инфекциясын жұқтыру жағдайы тұрақталып келе жатқанын айтты.

"Елімізде ауру жұқтыру деңгейі 7 пайыз деңгейінде болып тұр. Наурыз айында біз сырттан келген вирус жұқтыру жағдайларын тіркесек, сәуір айында профилактикалық тестілеуге көштік. Осы сәуір айында тіркелген барлық жағдайдың 52%-ы (1862 жағдай) профилактикалық тестілеу аясында анықталды. Яғни, мұндай профилактикалық тестілеудің мақсаты – жасырын жатқан вирус ошақтарын анықтау. Егер мұндай шара жүргізілмеген болса, вирус жұқтыру жағдайы артар еді", - деді ол. 

Карантин шаралары нәтиже беріп жатқанын айтқан бас санитар осы шараларды сабырлықпен сақтап отырған халыққа алғыс білдірді.

"Жоғарыда айтып өткенімдей, екі аптадан бері санитариялық-эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталып келе жатқанын байқап отырмыз. ҚР Денсаулық министрлігі ұсынған оқшаулану талаптарын сақтаған әрбір қазақстандыққа алғыс айтқым келеді. Карантин шаралары вирустың дендеуінен сақтап, медициналық жүйеге түскен салмақты жеңілдетуге септігін тигізді", - деді Айжан Есмағамбетова.

Айжан Есмағамбетованың айтуынша, әр өңірде жедел штаб немесе жергілікті атқарушы органдарда мобильді топ жұмыс істейді.

"Бұл топтың құрамында әкімдік қызметкерлері, Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің қызметкерлері бар. Олар бүгінде біртіндеп ашылып жатқан мекемелерде санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталу жағдайына қатысты мониторинг жүргізіп, бақылап отырады. Карантин шараларының сақталу тиімділігі вирус жұқтыру жағдайымен тікелей байланысты. Сондықтан, осы соңғы апталарда жағдайдың тұрақталғаны, біздің бүгінге дейін орындап келе жатқан шараларымыздың дұрыстығын білдіреді", - деді бас санитар.

Дереккөз: Baq.kz