07.05.2020, 05:55

Ресейлік азамат СҚО-да тұратын ата-анасына коронавирус жұқтырды

фото: trend.az
Отбасы қазір Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның жұқпалы аурулар стационарына жатқызылған.

Солтүстік Қазақстан облысында 3 адамнан коронавирус инфекциясы табылған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабына сілтеме жасап.

1983 жылғы РФ азаматы – «Омбы ‒ Қостанай» бағыты бойынша келе жатқан жүк көлігінің жүргізушісі. Ол 21 сәуір күні СҚО-ға келіп, Мүсірепов ауданының Червонное ауылында тұратын ата-анасының үйіне тоқтаған. Шекарадан өту кезінде одан COVID-19-ға анализ алынған, зерттеу нәтижесі теріс болды.

Осы уақыт бойы РФ азаматы үй карантинінде болды. 5 мамыр күні ол қалтырау, жөтел, дене қызуының 37 градусқа дейін көтерілуіне байланысты шағымданған. Содан Мүсірепов аудандық ауруханасы жұқпалы аурулар бөлімшесіне жатқызылып, қайта тексеріледі.

6 мамырда оның COVID-19 вирусын жұқтырғаны анықталды. Жедел түрде науқаспен бірге тұрған 1956 жылы туған әкесі және 1959 жылы туған анасы тексерілді. Зертханалық зерттеу нәтижесі олардың да COVID-19 вирусын жұқтырғанын көрсетті.

Отбасы қазір Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның жұқпалы аурулар стационарына жатқызылған. Пациенттердің жағдайы қанағаттанарлық. Бекітілген хаттамаға сәйкес емдеу басталды. Қазір олармен байланыс жасаған адамдардың саны анықталып жатыр. Эпидемиологиялық тексеру жалғасуда.

Жалпы, 6 мамырдағы жағдай бойынша СҚО аумағында 33 адам COVID-19 жұқтырған. Оның ішінде бір науқас – Көкшетау қаласынан.

Ал қазір еліміз бойынша жалпы 4422 науқас анықталса, оның ішінде 1408 адам жазылып шыққан.