Ел ғалымдары COVID-19 вирусына қарсы вакцинаны сынақтан өткізуді бастады. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қазақстандық ғалымдардың жасап шығарған өнімін тіркеуге алып, клиникаға дейінгі сынақтан өткізуге рұқсат берілген кандидаттық вакциналардың тізіміне қосып қойды, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Ол халықаралық ұйымның сайтында жарияланып тұр. Инактивтендірілген вакцинаны Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері әзірлеген. Вакцина Қазақстан аумағында ауырған адамдардан бөлінген вирус штаммының негізінде жасалып отыр.
Осылайша, Қазақстан COVID-19-ға қарсы вакцина құрастырып жатқан елдер қатарына ресми түрде кірді. Ол вакцинаның алғашқы сериясы қазір дайын болып, зертханалық жануарларда тексерістен өтіп жатыр. Осы зертханалық тексерістен өткеннен кейін вакцина «клиникаға дейінгі» деген тексерістен өту үшін Ресейге жіберілмек.
«Ресейдің екі мекемесінде тексерістен өтеді. Ол тексеріс жануарлардан басқа, маймылдарға қолданылады. Сол тексерістен өткеннен кейін вакцина клиникалық тексеріске түседі. Клиникалық тексеріске адамдар қатысады. Сол адамдар қатысқан тексерісте жақсы нәтиже көрсететін болса, Қазақстанда жалпы өндіріске беріледі», - дейді БҒМ Ғылым комитеті Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының зертхана меңгерушісі Лесбек Құтымбетов.