Қостанай облысының Жітіқара қаласында соңғы екі күнде 25 адамнан COVID-19 індеті анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Олардың барлығы «Қара бүркіт» деп аталатын қатал режимдегі колонияда қызмет етеді. Олар бұған дейін коронавирус жұқтырған жандармен қарым-қатынаста болған. Соңғы екі апта казармалық жағдай болғандықтан, олардың ешқайсысы қалаға шықпаған.
Қазіргі кезде ауруға шалдыққан түрме қызметкерлері Жітіқара қаласындағы ауруханада ем қабылдап жатыр. Екі күннің ішінде түзеу мекемесіндегі 203 қызметкердің барлығы медициналық тексерістен өткен.
«Карантиндік іс-шаралар барысында қызметкерлер мен сотталғандардың арасында байланыс барлық санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға сәйкес жүргізіліп жатыр қазір. 100 пайыз тест алдық қызметкерлерден. Теріс тест нәтижесі бар қызметкерлер үй карантиніне жіберілді», - дейді облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы Асқар Әлмағанбет.