$ 498.34  519.72  4.85

«Келіншегімнің аяғы ауыр...»: коронавирустан 24 күн емделіп шыққан оралдық дәрігер сырын айтты

«Қызуым 37,2-37,3 градус айналасында болды. Басым, буындарым, белім ауырғаны күшеймесе, басылмады. Басымды көтере алмадым. Шынымды айтсам, 5 күн нәр татпадым...».

Бүгін оралдық инфекционист дәрігер Әділбек Нұрымбет facebook парақшасына өзінің коронавирус жұқтырып алып, қазір содан әрең жазылып шыққанын жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Сәуір айының аяғына таман емханада жұмыста жүргенімде мені Оралда Коронавирус көбейіп кеткенін айтып, коронавируспен ауырған науқастарды емдеуге шақырды. Дәрігер, оның ішінде инфекционист болған соң, тікелей борышым ғой деп, дайындалып бардым. Барар алдында емханада Ковид-19-ға ПЦР тапсырып алдым. Таза болған соң жұмысқа кірісіп кеттім. Қорғаныш киімдерін киіп, сақтық шараларын сақтап, пациенттерді емдеп, барынша түсіндіріп жүрдік.

Сол сәуір айының аяғында бірнеше медициналық қызметкерлердің (дәрігерлер, медбике, санитаркалар) коронавирус жұқтырғаны анықталды. Менен де алған. Таза болып шықты. Солармен тікелей қатынаста болдыңдар деп бізді провизорлы стационарға жатқызып тастады. Содан үш күн өткенде дене қызуым 37.3°С-қа жоғарылап, басым, белім, буындарым қатты ауырғаны соншалық, жаным көзіме көрінді. Түнімен құсып шықтым.

Ертеңіне менен тағы коронавирусқа анализ алды. Анализ қорытындысында менде коронавирус бары анықталып, жұқпалы ауруханаға әкеп жатқызды. Қызуым 37,2-37,3 градус айналасында болды. Басым, буындарым, белім ауырғаны күшеймесе, басылмады. Басымды көтере алмадым. Шынымды айтсам, 5 күн нәр татпадым. Тамаққа тәбетім мүлдем болмады.

Өзім инфекционист болып жұмыс жасағанда қанша вирусты ауруларды емдей жүріп, арасында тұмаумен өзім де ауырдым. Бірақ, дәл осындай ауруды көрген емеспін. Температура 38,0-38,5 градус болғанда да парацетамол ішіп, жұмысымызды жалғастырып жүре беруші едік. Ал мына ауруда 5 күн басымды көтере алмадым.

Оған жөтел мен кеудедегі қатты ауырсыну қосылды. Өкпені КТ түсіргенде екіжақты пневмония анықталды. Қосымша тағы ем қосылды. 15 күн дегенде толық өзіме келдім. 24 күн жатып, екі рет анализ тапсырып, анализім таза болған соң бүгін ауруханадан шығып отырмын. Карантин басталғанда келіншегімді балалармен ауылға жіберген болатынмын. Келіншегімнің аяғы ауыр.

Коронавирус жұқтырып алғанымды әке-шешеме де, келіншегіме де айтпадым. Тек контактыда болғаным үшін карантинде жатырмын деп айтып келдім. Себебі, олар не істей алады, құр босқа уайымдағаннан басқа? Тек бүгін шыққан соң ғана ауырып емделгенімді, уайымдаудың қажеті жоқ екенін айттым. Соның өзінде уайымдап жатыр. Фейсбук бетіне жазбағаным да сол еді. Естіп қойса, уайымдар деп.

Айтайын дегенім, коронавирус басқа жұқпалы ауруларға ұқсамайды. Өте ауыр өтеді және ұзақ емделуді қажет етеді. Қандай ауру болса да 7-9 күннен аспайтын. Менің қасымда жатқандарда да, бірге түскен медқызметкерлерде де менікіндей жағдай болжы. Интоксткация, пневмония. Сондықтан бұл ауруға немқұрайлы қарауға болмайды.

Мен жатқанда бір жігіт түсті. Коронавируспен контактыда болған. Анализ алғанда анализі таза болып шыққан. Контактыда болғаны үшін 14 күн провизорный стационарға жат дегенді тыңдамай, айқайласып, үйіне кетіп қалған. 5 күннен соң бүкіл отбасымен келіп түсті. Барлығында температура, жөтел, интоксикация.

Қазір барлығы жақсы. Бірақ, қатты ауырған кезімді ойласам, жүрегім ауырып кетеді. Абайлайық, бауырлар!» - дейді Әділбек Нұрымбет.

Бұл жазбаға желі қолданушылар 5 сағатта 500-ден астам пікір қалдырып, 200-ге жуығы өз парақшаларына бөлісіп үлгерген. Олардың дені елімізде осы індеттің бар екеніне сенбей келіп, енді маманның өз қолымен жазған постқа иланып отырғандарын айтса, кейбіреуі әлі де өз басынан өтпейінше, сене алмайтындарын аңғартқан.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары