Атырау облысының Теңіз кенішіндегі карантин мерзімі 12 маусымға дейін созылатын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл туралы облыстық бас санитарлық дәрігер Темірбек Мұсағалиевтың қаулысында айтылған. Қаулыға сәйкес, Теңіз кенішіндегі карантин 29 мамыр сағат 00:00-ден 12 маусым күнгі түнгі сағат 00:00-ге дейін созылады. Осыған байланысты мұнда көліктің кіріп-шығуын шектеу сақталады.
Кен орны аумағында адамдардың кешкі сағат 21:00-ден таңғы сағат 5:00-ге дейінгі аралықта жүруі шектелген. Полиция қызметкерлері карантин шарасының сақталуын қадағалау үшін видеокамерамен қабатаралық, бөлмеаралық қозғалысты бақылайды.
Сондай-ақ, полицейлер «Оңтүстік Теңіз», «Жаңа Теңіз», «Ватернас», «Мажар қалашығы» секілді вахталық кенттерде карантиннің бұзылмауын қадағалауды жалғастырады.