Бұл туралы Самат Нұртаза есімді блогер өзінің Facebook парақшасында жазған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Өкінішке қарай, Бекеңнің ата-анасына да індет жұғыпты. Қазір ол кісілер ауруханада жатыр. Бекең әкесі мен анасына алаңдап отыр. 70-ке келген үлкен кісілердің денсаулығы көтере алса екен дейді. Жаратқан жар болсын дедік. Басқа біздің қолдан не келеді? Бірақ мені ойландырғаны мынау. Осындай қиын-қыстау кезеңде, Бекеңнің өзі ғана емес ата-анасы да дертке шалдығып, аурумен күресіп жатқан кезде қолдау білдірудің орнына, сыртынан тон пішіп, саяси қадам деп, сайқымазақ пікірлер айтқан адамдардың ұяты, ары, намысы қандай деңгейде екені көрініп қалды. Тура осындай жағдайға түспейтініне ешкім кепіл бола алмас. Ертең сенің де отбасыңда болуы мүмкін. Сол кезде жұрт тілін шығарып күлсе, қандай күйде боласың? Сондықтан пікір айтар алдында ойланғандарың дұрыс деп ойлаймын», - деп өз ойын білдірген.
Бүгінде Берік Уәлидің жағдайы бірқалыпты, дене қызуы түскен.
Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың баспасөз хатшысы Б.Уәли жеке парақшасына өзінен COVID-19 инфекциясы анықталғанын хабардар еткен болатын. «Өкінішке қарай, бүгін аса бір жайсыз жаңалықты жариялайын деп отырмын. Әлемді айналып, елімізді шарлап кеткен коронавирус індеті менен де табылды. Кеше тапсырған тест қорытындысы оң нәтиже берді. Қазір ауруханада, дәрігерлердің қарауында жатырмын. Жағдайым бір қалыпты. Аса алаңдайтындай емес. Ем қабылдаудамын. Басын ашып айтатын мәселе, Президент белгіленген кестеге сәйкес жұмыс істеп жатыр. Мемлекет басшысының денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Қасым-Жомарт Кемелұлы үнемі тест тапсырып, қорытындысын алып отыр.
Тағы оқи отырыңыз: «Енді емделу керек»: Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли коронавирусқа шалдықты
Ақордада санитарлық режим күшейтіліп, қауіпсіздік шаралары қатайтылған. Осы індет басталғалы барлығымыз дабыл қағып, сақтануға, дертті жұқтырмаудың жолдарын қарастыруға шақырып келеміз. Бірақ пандемияға сенбейтін, ауруды жоқ деушілер азаймай тұр. Ондайда «Ауырған адамды көрсетіңдерші», «Менің танысымның бірде-бірі ауырған жоқ. Сонда онымен кім ауырып жатыр?», «Ауырған адамдардың аттарын неге атамайды?» деген сияқты пікірлерді жиі еститінбіз. Міне, мен дерт жұқтырдым, оны жасырмай жариялап отырмын. Мұндағы мақсат алаңсыз жүрген азаматтар ойлансын, сенбей жүрген кісілердің көзі жетсін дегенім. Ауру бар. Оны жұқтырушылардың саны күн сайын артып жатыр. Қанша жерден сақтық шараларын қатаң сақтап жүрсек те, біз де жұқтырдық. Енді емделу керек. Баршаңызды өздеріңіздің және жақындарыңыздың денсаулығын сақтау үшін карантин режимі мен профилактикалық шараларды ұстануға шақырамын. Пандемияға жеңіл-желпі қарауға болмайды. Барлығыңызға амандық тілеймін!», – деп жазған.