Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Адханом Гебрейесустің мәліметінше, Еуропада коронавирустың жайылуы саябырсыды, алайда әлемдегі ахуал көңіл көншітпейді, деп хабарлайды Қазақпарат.
«ДДҰ келтірген деректерге сай, қазірге дейін 7 млн адамнан коронавирус анықталды және бұл індеттен 400 мың адам көз жұмған. Еуропада жағдай жақсара түскенімен, жаһандық деңгейде ахуал нашарлап барады», - деді Гебрейесус,
Оның айтуынша, соңғы 9 күнде тәулік сайын КВИ анықталған адам саны 100 мыңнан асып түсіп отырған. Ал жексенбі күні, тіпті, бұл цифр 136 мыңға жеткен.
«Кеше анықталған барлық ауру санының 75 пайызы 10 мемлекетке тиесілі, көбі — Америка және Оңтүстік Азия елдері», - дейді ДДҰ басшысы.
Одан бөлек, спикер Африка елдерінде де жағдай мәз еместігін жеткізді. Және де Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдерінде індет көрсеткіші өсіп келе жатқанын айтты.
Бүгінде әлем бойынша қауіпті вируспен ауырғандардың саны 7 085 894 адамға жетіп отыр. Ал құрбандардың саны - 405 168.