Қарағанды облыстық клиникалық аурухананың бөлімше меңгерушісі Баянбек Аспандияровтың үй бетін көрмегеніне төрт ай болыпты. Арқа төсіне «жаман тұмау» қалай аяқ басты, сол кезден бастап бүгінге дейін инфекциялық госпитальда коронавируспен күрестің қалың ортасында жүр, деп жазады egemen.kz.
«Менің зайыбым да дәрігер, педиатрия саласының маманы. Қазір үйде бала бағып, декреттік демалыста отыр. Біздің саланың маманы болған соң ол кісі бәріне де түсіністікпен қарайды», - дейді Баянбек Аспандияров.
Ол – Павлодар облысындағы Баянауыл топырағының тумасы. Мектеп бітірген соң әжесінің ақылымен дәрігер мамандығын таңдапты. Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің жалпы медицина факультетінде 2009-2014 жылдар аралығында оқыған. Одан кейін педиатрия интернатурасын бітіріп, 2016-2018 жылдары жұқпалы аурулар резидентурасында білімін жетілдіріпті.
Жұқпалы аурулар дәрігері содан бері облыстық клиникалық ауруханада абыроймен жұмыс істеп келеді. Жас та болса қарым-қабілеті бағаланып, аталған мекеме директорының орынбасары қызметін де біраз уақыт атқарған екен. Қазіргі уақыттағы оның қызметі – осы ауруханадағы жедел ішек инфекциясы бөлімшесінің меңгерушісі.
«Өткен жылдың желтоқсан айында Қытайдағы коронавирус пандемиясы туралы ақпарат тарағаннан-ақ біздің елімізде сақтық шаралары қолға алына бастады. Ал наурыз айында Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында науқастар анықталған кезде Қарағанды облысында провизорлық госпитальдар құрыла бастады. Ол жерлерге алғашқы пациенттер жатқызыла бастағанда облыстағы барлық жұқпалы аурулар дәрігерлері провизорлық госпитальдарға жұмыс істеуге жіберілді», – дейді Б. Аспандияров.
Б. Аспандияров сәуір айының басынан бастап инфекциялық госпитальдағы вахталық кезекшілікке, яғни коронавируспен күрестің алғы шебіне өз еркімен аттаныпты. Госпитальда бұлар екі бригадаға бөлініп, кезекпен жұмыс істейді. Мәселен, бір бригада 14 күн вахталық режімде жұмыс істегеннен кейін демалысқа кетеді де, олардың орнын екінші бригада басады.
«Біздің командада екі дәрігер, үш медбике және екі санитар бар. Күніне алты-сегіз сағат науқастарды қарап, емдейміз. Одан кейін құжаттарды толтырамыз да, демалуға кетеміз. Пациенттерге барарда қажетті эпикировканы – індетке қарсы костюм, қалпақ, респиратор, көзілдірік, екі қабат биялай, арнайы аяққаптардың барлығын толық киеміз», – дейді Баянбек.
Вахталық тәсілмен жұмыс істейтін Баянбек сияқты медицина қызметкерлері үшін аурухана аумағының маңынан бөлек корпус қарастырылған. Осы жердегі қайта жабдықталған палаталарда олар тамағын ішіп, демалып, тіпті, біразы осында тұрып жатыр. Вахта біткеннен кейін Баянбектерге үйге қайту жоқ. Олар КВИ-ға тексеріліп, госпитальда 14 күн бойы карантинде болады. Ал оның өзі вахтаға осымен төртінші мәрте түсіп отыр екен.
«Әу баста менің жақын таныстарымның өзі сенбейтін. «Жұртты неге алдап жүрсіңдер?» деп кінәлағандары да болды арасында. Қазір көбінің көзі жеткен сияқты. Әйтсе де әлі күнге дейін індеттің барына сенбей, бәріне селсоқ қарап жүргендер бар. Міне, осыларға сана берсе екен деп тілеймін. Ал вирус жұқтырып жатқандар өте көп», – дейді дәрігер.
Баянбек Аспандияров наурыз айында провизорлық госпитальда тәуекелі жоғары топта жұмыс істегені үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев уәде еткен қосымша 425 мың теңгені толығымен алған.
«Мәселе ақшада емес. Менің әріптестерім қосымша ақша төленбесе де, өзде-рінің міндетін адал атқарып шығушы еді. Дегенмен, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау адамды қанаттандырады, медицина қызметкерлері еңбегінің лайықты бағаланғаны қуантады», – дейді ол.
Баянбекке қазіргі жағдайда үйдегі төрт және бір жастағы бал қылықты балаларын көрмеу ауыр тиеді екен. Әйтеуір, үй-ішімен күнде бейнебайланыс арқылы хабарласып тұрады. Бірақ, осындай сын сағатта ауыр дертке шалдыққан адамдардың жанынан табылып, оларға қолдан келгенше көмек көрсетіп жүргендері шаршағандарын, қиналғандарын – бәрі-бәрін ұмыттырып жіберетінін айтады, Гиппократ антына берік маман ағынан жарылып.