$ 494.87  520.65  4.91

«Барлық адамға қосымша орын бар деп айтылған ғой»: Шымкент ауруханаларында әкімнің сөзі жоққа шығарылды

Қазір Шымкенттегі емдеу мекемелерінде 1260 адамның өкпесі қабынған, не ЖРВИ-ге шалдыққан. Соңғы тәулікте содан 7 адам көз жұмды.
фото: liter.kz
фото: liter.kz

Шымкентте короновирус пен пневмония жұқтырғандарды қабылдайтын орын тапшы. Қала әкімі Мұрат Әйтенов: «Дабыл қағуға негіз жоқ, орын да, дәрі де жеткілікті», - деп, оңды-солды есеп беріп жатқанымен, науқастар мен дәрігерлер мүлдем басқаша айтады, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Кеше түнде түсірілген видеода Шымкенттегі жаңадан ашылған модульді жұқпалы аурулар ауруханасына жедел жәрдеммен жеткендер кіргізілмей жатыр. Себебі, мүлдем орын жоқ. Ауыр хәлде жеткізілгендердің туыстары жүйкесі тозып, дәрігерлермен айқасуға дейін барып жатыр. Әкімнің «орын жеткілікті» деген сөзіне сенген жұрт енді дәрігерлерге өкпелі.

«Әкімдіктен «орын жетерлік, барлық адамға қосымша орын бар, қабылдаймыз, бізге адам қымбат» деп айтылған ғой. Адам қымбаты қымбат. Бірақ, адам қымбат мемлекет осылай жасай ма?» - дейді ашулы тұрғындардың бірі.

Шымкенттегі жағдайдың қиындағаны сондай, ауруханалардың көпшілігінде орын жоқ. Күннен-күнге көбейіп жатқан коронавирусқа шалдыққандарға қоса, өкпе қабынуы мен ЖРВИ жұқтырғандардың саны жоғарылап барады. Әу баста шұғыл түрде «коронавирустың тырнағына ілінгендерге» деп салынған 200 орындық аурухананың жартысын кеше амалсыз пневмония мен ЖРВИ жұқтырғандарға берген.

Енді короновирус жұқтырғандарды тасыған жедел жәрдем кіре алмай, жүргізушілері мен көлік ішіндегі науқасқа дейін жарылуға шақ тұр. Ал әріптестері күннен-күнге сиреп, күндіз-түні жұмыста жүрген дәрігерлер орын тапшы екенін жасырмайды. «Қолда бар төсек-орынға сиғанынша жатқызып жатырмыз» деген олар вирус бұлай көбейе берсе, қосымша орындар ұйымдастыру қажеттігін айтады.

«Кейде орыннан қиналып жатқан кездеріміз бар. Бірақ, бұған қарсы жұмыстың бәрі жүріп жатыр. Басқармамен барлық жұмысты жасап жатырмыз. Қызуы көтерілуіне байланысты, егер қатты көтерілетін болса, енді басқа да орындар ашылуы керек деп санаймын», - дейді Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Амангелді Нұрлыбаев.

Айлап үй бетін көрмей, ауруханада науқастарды емдеп жатқан дәрігерлер қауіптің беті қашан қайтарын айта алмайды. Әркім өзі сақтанып жүруі керек дейді. Қазір Шымкенттегі емдеу мекемелерінде 1260 адамның өкпесі қабынған, не ЖРВИ-ге шалдыққан. Соңғы тәулікте содан 7 адам көз жұмды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары