Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, әлем бойынша вирус жұқтырғандардың саны 10 миллионнан асып, 500 мыңнан аса адам қайтыс болды. Еліміздегі жағдай да тым ушығып барады. Дүние жүзілік денсаулық ұйымы Қазақстанды коронавирус жылдам қарқынмен тарап жатқан елдердің қатарына қосты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Өткен тәуліктің өзінде ғана 547 адамның коронавирус жұқтырып, тағы 7 адамның ажал құшқаны белгілі болды. Жалпы ел бойынша ауырғандар саны 21 327 адамға жетті. Адам шығыны – 183.
«Вирус өршіп барады. Науқастар саны өте жоғары. Соған қарамастан, вирустың бар-жоғына күмән келтіріп, жалған ақпарат таратушылар саны азаяр емес. Ауруханаға барса орын жоқ, үйде емделсе сенімді дәрігерлік кеңес жоқ. Халық абдырап жаппай аптекаларға барып антибиотиктерді сыпырып жатыр. Бұл жағдайды бақылауға алып халыққа дұрыс ақпарат беру үшін журналистердің атсалысуы керек. Осы антибиотиктердің дұрыс қолданбауынан болатын қауіп-қатерлер жайлы жаппай ақпарат беріп, қатысты мамандардан, дәрігерлерден сұхбат алып жұртты ақпаратпен қамтамасыз ету керек», - дейді медицина саласының маманы Серік Мұратхан.
Маманның айтуынша, ең бастысы стресс, үрейге бой алдырмауға тырысу керек. Аса сақтық жасап, мынадай қағидаларды естен шығармаған жөн:
Біріншіден, бір ауырып алсаң, «міндетің» өтеліп кетпейді. Қайта жұқтыруың мүмкін.
Екіншіден, вирус симптомы белгілі бола бастаған кезде антибиотик дәрі-уколды қабылдап, иммунитеті одан әрі қарай түсірсеңіз, сізде вирусқа қарсы антидене ешқашан қалыптаспайды.
Үшіншіден, вирустың бейімделу қабілеті өте жоғары.
Төртіншіден, алда-жалда «вакцина табылды, келе жатыр!» десе де босаңсуға болмайды.
Бесіншіден, вирустан сақтанудың ең дұрыс жолы әлі де көп адамдармен байланыста болудан бас тартып, дұрыс тамақтанып, спортпен жеңіл түрде айналысып, иммунитетті көтеру қажет.
«Стресс, үрейге бой алдырмау керек. Паника көтеру, елге үрей салу – ол өзіңе, жақындарыңа қастандық!», - дейді Клиникалық жабдықтар мен жүйелердің бас инженері Серік Мұратхан.
Сол секілді медицина ғылымдарының кандидаты, невролог-дәрігер Қайырғали Көнеевтің ойынша, ел ішіндегі ахуал дабыл қағарлық жағдайға жеткен. Министрліктің өзі не істерін білмей бастары қатып отыр.
«Министрлік наурыздан бері әртүрлі көлемде қашықтан жұмыс істеуге ауысты. Ал қазір түгел дерлігі үйде. Бұлай болмайды, бұл дұрыс емес. Мұндай қауырт шақта ведомство бассауғаламай, халықпен бірге болуы шарт. Министрліктегілер санитарлық сақтық нормасын қатаң сақтап, бетперде және обаға қарсы қорғаныш киімімен толық штатта жұмысқа шықсын. Ресурс жетеді, тек медицина саласы басқарусыз қалып қойды. Дереу жағдайды қолға алу керек. Министрлік қызметкерлері қайта жұмысқа шықпайынша, жағдай жақсармайды. Бұл – мемлекеттік саясаттағы қателік», – дейді ол.