Қазақстанның барлық өңірінде коронавируспен ауырғандарды жатқызу үшін ауруханалардағы төсек-орындар жетпей жатыр. Тіпті, жаңадан аурухана салған Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында да осындай проблема туындауда, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Сондықтан Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елдегі бүкіл медициналық ұйымдар жұқпалы аурумен күресуге жұмылдырылады дейді.
«Өңірлердегі бұрынғы төсек-орындардың барлығы толды. Әрбір өңірде қосымша төсек-орын тапшылығы тіркеліп тұр. Тіпті, жаңа модульді аурухана салынған қалаларда да төсек-орын тапшылығы бар. Жаңа модульді ауруханалар лық толы», - деді министр.
Оның айтуынша, коронавирус инфекциясымен ауырған адамдарды жатқызу үшін 33 933 төсек-орын ашылған. Оның ішінде, 14 006 төсек-орын инфекциялық, 19 927 орын провизорлық болып бөлінген.
Бірақ, Алексей Цой аймақтар осы төсек-орындарды кемінде тағы да 50%-ға арттыруы керек екенін ескертті.