Қазақстанда адамдарға COVID-19-ға қарсы екпе қыркүйекте салына бастайды. Ғалымдардың пікірінше, қауіпті індеттен айығу үшін кем дегенде халықтың 80 пайызға жуығы егілу керек, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Кесел жер жаһанды жайлағалы онымен күреске әлем елдері бел шеше кірісіп кетті. Әсіресе, коронавирусқа қарсы вакцина шығару күн тәртібінен түспей тұр. Қазақстандық ғалымдар да екпе ойлап тапты. Алдымен ол ұсақ хайуанаттарға салынды. Содан соң, маймылдар зерттелді. Абырой болғанда, әзірге нәтиже жаман емес.
«Бұл вакцина қазір клиникаға дейінгі сынақтан өтіп жатыр. Клиникаға дейінгі сынақтар зертханалық жануарларға өтті. Оның ішінде тышқан, теңіз шошқасы, қоян және тағы да басқалар бар. Бүгінгі алынған нәтиже бойынша вакцина өзінің тиімділігін көрсетіп отыр», - дейді Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты бас директорының орынбасары Ерғали Орынбасарұлы.
Төрт түрлі 5 вакцинаны Жамбыл облысының Қордай ауданы Гвардейск деген қалашықтағы зерттеу институтының ғалымдары дайындап жатыр. Екпелерге материал Алматыдағы жұқпалы аурулар ауруханасындағы науқастардан алынған.
«Бірінші вакцинамызға қазір клиникаға дейінгі сынақтар өтіп жатса, қалған вакциналар әзірленуде. Вакциналар Денсаулық сақтау министрлігінің тәртібі бойынша клиникалық сынақтан өтеді. Сол сынақтар нәтижесі бойынша адамдарға қолдану немесе пайдалану жөнінде рұқсат беріледі», - дейді Ерғали Орынбасарұлы.
Жалпы, коронавирустан сақтану үшін вакцинаның кемінде екі дозасын алған жөн. Қазіргі уақытта әлем елдері тайталасып, екпелері әзір болғанын жар салуда. Бағалары да әртүрлі болмақ. Мәселен, британдық-шведтік компания әзірлеген вакцина арзандау. Германиядағы ғалымдар шығарған препарат 8 мың теңгедей болса, америкалық «Модерна» компаниясы екпесінің дозасы теңгеге шаққанда 10 мыңнан басталады.
Ал жамбылдық ғалымдар ойлап тапқан инфекцияға қарсы дәрі-дәрмектің бағасы қанша болары белгісіз. Алайда, мамандар шетелдікінен арзан болады деп отыр. Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі вакцина пайда болса, ол елдегі 2 миллионнан астам адамға салынатынын айтқан-ды. Жаппай егу қыркүйектен басталуы мүмкін.