Нұр-Сұлтан қаласындағы «Хан Талапай» мейрамханасында ұлан-асыр қыз ұзату өтті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, baq.kz-ке сілтеме жасап.
Сонымен, елордалық мониторингтік топ дүркіреп өтіп жатқан тойдың үстінен кеше сағат 18.40-та түскен. Бас санитарлық дәрігердің қаулысына қарамастан, іс-шараны ұйымдастырушы 50-ге жуық қонақ шақырған. Отбасылық мереке тоқтатылды. Әкімшіге қатысты жиналған материал процестік шешім қабылдау үшін Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жіберілді.
«Өкінішке қарай, қазір алдын алу шараларын елемеу жағдайлары әлі тіркеліп жатыр. Өткен тәуліктің өзінде Полиция департаментінің қызметкерлері 57 кәсіпкерлік нысанды тексерді. Оның ішінде карантин талабын бұзудың 43 фактісі анықталды.
Азаматтар тыйым салынғанына қарамастан, отбасылық мерекелерді өткізіп, қарт адамдарға ғана емес, балалардың өміріне де қауіп төндіреді. Барлық тәртіп бұзушы қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапқа тартылады», – деп хабарлады елордалық ПД баспасөз қызметі.