Шымкент қаласында №1 клиникалық ауруханада бүйрек трансплантациясы бойынша екі операция сәтті аяқталды, деп хабарлады Otyrar.kz өңірлік сайты.
Екі жағдайда да анасы баласына бүйрегін берген. Дәрігерлер 55 жастағы әйелдің бүйрегін алып, екі жыл "бүйрек жеткіліксіздігі" диагнозымен есепте тұрған және гемодиализден өткен 33 жастағы ұлына салып берді.
Екінші жағдайда Шымкенттің тағы бір тұрғыны ұзақ жыл бойы төсекте жатқан ұлына бүйрегін ауыстырып салуға келісті. Дәрігерлер трансплантацияны 10 қыркүйекте өткізді. Операция екі сағатқа созылды және сәтті аяқталды.
Шымкент қалалық клиникалық ауруханасында 2013 жылдан бері бүйрек алмастыру бойынша 160 операция жасалған, сондай-ақ, 21 адамның бауырын алмастырып салған. Алайда қазір гемодиализ орталығында бүйрек трансплантациясын қажет ететін 400-ге жуық науқас бар.
Қазақстанда бір жыл ішінде ағзасын алмастыруды қажет ететін 221 адам қайтыс болды. Осы аралықта Нұр-Сұлтан мен Павлодар қаласының екі тұрғыны қайтыс болған соң донор болуға келіскен.