Еуропада коронавирус жұқтырғандардың көбеюі індет әбден титықтатқан медицина қызметкерлерін қатты алаңдатып отыр. Билік кәсіпорындарды тұтас жаппай, "жұмсағырақ" карантин шараларын енгізуге тырысып жатыр, деп хабарлайды Азаттық радиосы.
42 миллион халқы бар Украинада соңғы айда коронавирус жұқтырғандар екі есеге артып, 244 734 адамға жеткен, 4690 адам қайтыс болған. 20 мыңнан астамы ауруханаға жатқызылған. Өткен тәулікте 5 397 адамнан коронавирус анықталған. Бір күн бұрын бұл көрсеткіш 4753 болған.
8 қазанда Чехия үкіметі шектеу шараларын енгізетінін мәлімдеп, спорт нысандары мен мәдени орындарды екі аптаға жабатынын хабарлады. Мұнда бір күнде 5 335 адамнан коронавирус анықталған. Үкімет хабарламасындағы мәлімет бойынша, мейрамханалар кешкі 8-де жабылуы тиіс. Бастауыш мектептің жоғары сыныбында оқитын балалар қашықтан оқу форматына көшеді.
Көрші Германияда бір күнде 4 058 адамнан коронавирус табылған. Бір күн бұрын 2828 науқас тіркелген еді. Үкімет жағдайды бақылаудан шығарып аламыз ба деп қауіптенеді.
Польшада өткен тәулікте 4280 адамнан коронавирус анықталған. Бұл алдыңғы күнмен салыстырғанда 40 пайызға көп. Тұрғындар 10 қазаннан бастап маска тағуға міндеттелді. Премьер-министр Матеуш Моравецкий жағдай ушықса, елде төтенше жағдай жариялауы мүмкін екенін ескертті.
Америкалық Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, әлемде коронавирус жұқтырғандар 36,4 миллионнан асқан. 25,3 миллион адам жазылған. 1 млн 60 мың адам қайтыс болған.