26.11.2020, 03:03

Түркістан облысында 34 миллионның жарамсыз дәрісі тәркіленді

фото: pixabay.com
Тауардың Өзбекстан азаматына тиесілі екені анықталды.

 34 миллионның жарамсыз дәрісі! Түркістан облысында аса ірі көлемде контрабанда жолы кесілді. Есірткіге қарсы күрес басқармасы мен Сарыағаш аудандық полицейлері дәрі-дәрмекке толы жүк көлігін анықтап отыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, КТК арнасына сілтеме жасап.

Машина толы 254 қорапқа салынған препараттардың жалпы құны – 34 миллион. Құжаты жоқ дәрі-дәрмектің жарамдылық мерзімі де өтіп кетіпті. Жүргізушінің айтуынша, Сарыағаштан Түркістан қаласына дейін апаруға Шымкент тұрғынымен келісіпті. Тауардың Өзбекстан азаматына тиесілі екені анықталды. Тәркіленген дәрі-дәрмек ішінде бисокодил, бисептол, кетонал және басқалары  болған. Енді зияны болмаса, пайдасы жоқ медициналық препараттардың көзі жойылады. 

"Дәрі-дәрмекті Ресей Федерациясынан Өзбекстанға алып бара жатқан. Пайдалану уақыты да өтіп кеткен. Қазір Сарыағаш АПБ-да тіркелді, тексеру жалғасуда", - деді Түркістан облысы ПД баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова.