Денсаулық 11.12.2020 сағат 07:16

Келер жылы әлем елдері арасында вакцинаға талас басталуы мүмкін

Әлемдік сарапшылардың айтуынша, 70 елге вакцина жетпей қалуы мүмкін.
Келер жылы әлем елдері арасында вакцинаға талас басталуы мүмкін
фото: liter.kz
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Алдағы жылы қолданысқа енетін вакцина тек экономикасы  дамыған бақуатты елдерге ғана қолжетімді болмақ. Ақпарат көздерінің хабарлауынша, өндірілген вакцинаның басым бөлігін батыс елдері қазірдің өзінде сатып алып қойған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осыған алаңдаулы, деп хабарлайды 24.kz.

Әлемдік сарапшылардың айтуынша, 70 елге вакцина жетпей қалуы мүмкін. Ал жаңа препаратты алдын ала сатып алып қойғандар кім? Ақпарат көздері жер бетіндегі халықтың 14 процентіне ғана коронавирусқа қарсы екпе егілетін болады деп жарыса жазып жатыр. Дертке қарсы шығарылған препаратты ең көп Канада елі сатып алған екен. Онда әр тұрғынның кемінде 5 мәрте екпе қабылдауға мүмкіндігі бар екен.   

2021 жылы вакцинаға талас басталуы мүмкін 

Егер кей елдер тұрғындарын вакцинамен 100 емес 300 процентке қамтамасыз етсе, канадалық тұрғындарға жылына 5 мәрте екпе қабылдауға мүмкіндік бар. Мамандардың айтуынша, вакцина әзірлеген фармокологиялық компаниялар өндірісін бірнеше есе ұлғайтуы тиіс. Ал егер оған қауқарсыз болса, өндіру технологиясын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына тапсыруды ұсынып отыр. 

"Вакцинаға талас басталса, кедей елдер екпесіз қалуы мүмкін. Бұл – жаһандық дағдарыс. Мәселенің шешімін қазірден бастап табу керек. Әділдік болу керек. Теңсіздікке жол берілмеу керек",- дейді ДДСҰ басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус. 

Батыс елдері вакцинаны алдын ала көптеп сатып алған 

Әлемнің бақуатты мемлекеттері коронавирусқа қарсы шығарылған вакцинаны миллиардтаған дозамен сатып алып жатыр. Олардың ішінде АҚШ, Австралия, Ұлыбритания, Жапония мен Канада бар. 

Oxfam қайырымдылық одағының өкілі Анна Марриотт осының салдарынан  экономикалық әл-ауқаты төмен елдерге препараттың жетпей қалатынын айтып, дабыл қағуда. Яғни 2021 жылы миллиардтаған адам коронавирусқа қарсы екпені қабылдай алмайды деген сөз. 

"Алдағы жылы кей елдердегі эпидемиологиялық ахуал оңалады деп айту қиын. Халық тұрып жатқан елдің әл-ауқатына байланысты екпе қабылдай алмауы әділетсіз деп ойлаймын. Бұл мәселені қайта қарап, жағдайды өзгерту керек. Екпе қабылдауға әр адамның құқы бар", - дейді Oxfam ұйымының өкілі Анна Марриотт.

Oxfam ұйымының мәліметі бойынша 2021 жылы кедей деп танылған 70 елдегі әр 10 адамның 9-ы коронавирусқа қарсы вакцина ала алмауы мүмкін.  Мәселен, Pfizer мен Moderna компаниясы шығарған дәрінің 90  проценттен астамы батыс елдеріне экспортталатын болды. Сұранысқа ие препараттың бағасы да шарықтап тұр. Сонымен қатар оны сақтау үшін арнайы температураны қатаң сақтай алу керек. 

"Әлем елдері бойынша қауіпті індеттен Бразилия мен Үндістанда ең көп адам шығыны тіркеліп отыр. Бұл елдерді вакцинамен қамтамасыз етпесе, орын алған жағдай тұрақталмайды. Керісінше одан бетер ушығып кетуі мүмкін. Ал бұл өз кезегінде аймақтағы денсаулық сақтау саласына ауыр соққы болады. Қазірдің өзінде дәрігерлер мен ауруханаларда орын тапшылығы байқалып отыр. Пандемияның салдарынан өзге дертке шалдыққан науқастар да тиісті емін қабылдай алмай отыр. ЖИТС-ке шалдыққан науқастар мен аяғы ауыр әйелдер білікті мамандардан көмек ала алмағандықтан, өмірмен қоштасып жатыр. Бұл – жаһандық проблема", - дейді Oxfam ұйымының өкілі Анна Марриотт.   


БҰҰ: Гуманитарлық дағдарысқа ұшыраған елдерге көмек көрсетілу керек 

БҰҰ Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының басшысы Дэвид Бислидің айтуынша, бүгінде гуманитарлық дағдарысқа ұшырағандардың саны күн сайын артып барады. Ұйым өкілі жағдайды сәл де болса түзеу үшін шамамен 35 млрд доллар қаражат қажет екенін айтады. Ол кедей елдердің тұрғындары дамыған елдердің азаматтарымен қатарлас екпе қабылдау керек дегенді алға тартып отыр.

"2021 жыл кей елдер үшін вакцина мәселесі төңірегінде өте ауыр жыл болуы мүмкін. Тұрақсыздық, аштық пен миграция мәселесі шарықтау шегінде тұр. Ахуалды тұрақтандыру үшін қомақты қаражат керек. Бұдан әрі уақытты созбай, мәселені шұғыл шешу керек",- дейді БҰҰ Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының басшысы Дэвид Бисли.

 Біріккен Ұлттар ұйымының бас хатшысы Антониу Гутерриш те вакцина әлем елдеріне тең бөлінуі керек деп отыр. Әсіресе Африка елдеріндегі жағдайға алаңдаушылық білдірді.  

"Вакцина бәріне де қолжетімді болуы керек. Екпе қабылдауға Африка елдерінің мүмкіндігі аз. Олардың жағдайын да ойластыруымыз керек. Мәселен, Африка құрлығында індет өрши түссе, әлемде пандемиямен күрес қиынға соғатын болады. Сонымен қатар вакцинаға қол жеткізген әрбір азаматты екпе егуге шақырамын. Осылайша сіз өзіңізге ғана емес, қоғамға пайдаңызды тигізесіз. Әлемді жайлаған індетпен күресудің жалғыз жолы – осы", - дейді БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш.

COVAX Бағдарламасы Аясында Вакцина 92 Елге Жеткізіледі Індет кең етек жайған қауіпті елдердің көбі вакцинациялау мен иммунизациялауға бағытталған халықаралық COVAX бағдарламасына үміт артып отыр. Әзірге бұл механизм аясында шамамен 700 млн доза вакцинаға алдын-ала тапсырыс берілді. Мамандар бұның өзі жеткіліксіз деп отыр. Мәселен, дәрі 92 елге тең бөліну керек. Посткеңестік елдердің ішінде Украина, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан мен Молдова елдерінің COVAX бағдарламасы бойынша вакцина алуға мүмкіндігі бар.

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар