11.08.2021, 10:20

Ауруханаға қай аймақтардан науқастар көп түсіп жатыр?

Республиканың екі аймағындағы инфекциялық төсек-орындарда науқастардың саны жоғары болып тұр, деді министр.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой инфекциялық төсек-орындары 60-70 процентке толған өңірлерді атады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Қазіргі кезде Атырау облысы мен Нұр-Сұлтан қаласында инфекциялық төсек-орындарда науқастардың саны жоғары болып тұр. Екі өңірде де орын 69 процентке толған. Сондай-ақ, Ақтөбе облысында – 65 процент, Алматы қаласы мен Жамбыл облысында инфекциялық төсек-орындардың 63 проценті бос емес", - деді Цой үкімет отырысында. Министрдің айтуынша, бүгінде республика бойынша 320 медициналық нысанда 55 658 инфекциялық төсек-орын жасақталды. Қазіргі кезде жартысында науқас жатыр.

"Ал реанимациялық төсек-орындардың саны 4 969 құрап отыр. 45 проценті бос емес. Эпидемиологиялық жағдай қиындап кетсе, 7 419 инфекциялық төсек-орын резервте тұр", - деп атап көрсетті Цой.

Айта кетері, денсаулық сақтау министрлігі таратқан ақпарат бойынша 112 843 адам (–108 824 + және 4 019 КВИ-) коронавирус инфекциясынан емделіп жүр. Олардың ішінде 30 181 пациент стационарда, 82 662 науқас амбулаториялық деңгейде, яғни, үйде ем қабылдауда.

КВИ+, КВИ- шалдыққандардың арасында: • 1 808 адамның жағдайы ауыр; • 451 пациенттің жағдайы өте ауыр; • 215 науқас өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр.

 

Тегтер: коронавирус