Денсаулық 07.11.2021 сағат 11:09

Әлемде коронавирустың табаны тимеген 4 ел ғана қалды

Мұндай мемлекеттер бесеу еді. Алайда жақында пандемия Тынық мұхиттағы Тонгаға да жетті.
Әлемде коронавирустың табаны тимеген 4 ел ғана қалды
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Тынық мұхиттағы шағын ғана арал – Тонгада COVID-19 алғаш рет тіркеліп, локдаун жарияланғандықтан, қазір әлемде коронавирусты жұқтыру оқиғасы бірде-бір рет хабарланбаған төрт ел ғана қалды.

Тонга Тынық мұхиттың оңтүстігінде, Австралияның Брисбен қаласынан шығысқа қарай 3 218 шақырым жерде орналасқан. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жер-жаһанға тез тараған жаңа вирусты пандемия деп жариялағалы 20 айдан асты. Осы уақыт ішінде бұл инфекцияны планетамызда 246 миллионнан астам адам жұқтырып, 5 миллиондайы қаза тапты. Жұқпалы ауру ғалам экономикасын құлдыратып, миллиардтаған адамның өмірін қиындатты.

Әлбетте, ковидке қарсы талай вакцина жасалды. Бірақ олардың көпшілігі бай елдерде ғана таратылып жатыр. Біріккен Ұлттар Ұйымы мойындаған 193 ел бар. Солардың бірі – Тонгада Жаңа Зеландиядан келген адамнан коронавирус жұма күні табылды. Сондықтан "пандемиядан аманбыз" деген мемлекеттер тізімі қысқарды. Олар енді бесеу емес: Науру мен Тувалу аралдары, сонымен қатар материктік Азияның жасырын автократиялары – Солтүстік Корея мен Түркіменстан ғана.

Науру

Науру – жер көлемі мен халқының саны жағынан әлемдегі ең кішкентай мемлекеттердің бірі. Австралияның солтүстік-шығысында орналасқан 20 шаршы шақырымдық аралда 10 000-нан астам адам тұрады. Оның 12 жұлдызды туы Наурудың 12 дәстүрлі тайпасын білдіреді.

Өткен аптада кеме экипажы мүшелерінің бірінің тыныс алуы қиындағанда, бұл жағдай күдікті көрініп, мұхиттағы арал COVID-19 проблемасында тап болғандай еді. Дегенмен Науру денсаулық сақтау министрлігі ол адамның сынақта теріс нәтиже көрсеткенін мәлімдеп отыр.

Сондай-ақ бұл мемлекет өз ішінде коронавирус эпидемиясына жол бермеу үшін, сыртпен байланысты мейлінше шектеген. Науру – шетелдіктер көп бармайтын ел болғандықтан, оқшау өмірге пандемияға дейін-ақ үйренген.

Солтүстік Корея

Наурудан әлдеқайда үлкен және коронавируытың бастапқы ошағына айналған Қытайдың орталық Хубэй провинциясына жақынырақ орналасқанымен, 25 миллионнан астам халқы бар Солтүстік Корея COVID-19-ды жұқтыру жайлы хабар таратқан емес.

Бұл елдің табиғаты әдемі. Пхеньян соны пайдаланып, кейінгі жылдары туризмді дамытуға ден қойған еді. Бірақ Солтүстік Корея қазір шетелде ядролық қаруымен, геосаяси шиеленістерімен ғана кеңінен танымал. Атомдық арсенал мен Батыспен тайталастар оның халықаралық қауымдастықтың көп бөлігінен оқшаулануына себепші болды.

Мемлекет лидері Ким Чен Ынның бұйрығымен Солтүстік Корея Қытайда тараған жаңа коронавирусқа жауап ретінде әлемде бірінші болып, өз шекарасын бекітті. Ким ​​кейде билікті эпидемиологиялық қауіп-қатерге жеткілікті деңгейде қатал жауап бермеді деп сынап қояды.

Ал Оңтүстік Корея ақпарат құралдарына сенсек, Солтүстік Кореяда коронавирустың жоқтығы жайлы мәлімет шындыққа жанаспауы мүмкін. Коммунистік елде ақпарат ағыны жіті бақылауда болғандықтан, мұндай қауесеттердің растығын тексеру қиын.

Түркіменстан

Түркіменстанда ақпарат қатаң бақылауда. Сондықтан мұнда инфекциялар туралы бейресми хабар-ошарларды тексеру немесе жоққа шығару қиын. Солтүстік Кореядағы сияқты, эксцентрик президент Гурбангулы Бердімұхамедов басқаратын Түркіменстан үкіметі ауруды елге кіргізбеу үшін  ерте әрі қатаң алдын-алу шараларын қолданғанын атап өтті.

Дегенмен Түркіменстан COVID-19 пандемиясымен күреске машықтану үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы, Дүниежүзілік банк сияқты халықаралық органдармен ынтымақтасуға кірісті. Түркіменстанға саяхат жаһандық коронавирустық дағдарыс басталғанға дейін қатаң реттелсе де, республика шекарасы бүгін де туристер үшін ресми түрде жабық тұр.

Ашхабадтан 500 шақырымға жуық қашықтықта орналасқан Аваза ұлттық туристік аймағы тамыз айында Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесуіне аймақ мемлекеттері лидерлері мен басқа да халықаралық ресми тұлғаларды қабылдады. Арада бір ай өткенде, ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты парад та өтті.

Тувалу

Тувалу көлемі мен халқының саны бойынша Наурудан бір саты жоғары тұр. Австралия мен Гавай аралдарының ортасында орналасқан шалғай мемлекетке әлемнің басқа елдерінен барушылар некен-саяқ. Соның нәтижесінде, Тувалу жер-жаһанға тарап кеткен коронавирустан аман.

Бірақ COVID-19 шектеулері Тувалу Премьер-министрі Каусеа Натаноға БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі COP26 конференциясына қатысу үшін Біріккен Корольдікке баруға мүмкіндік бермеді.

Тувалу үшін коронавирустан да зор қауіп төніп тұр. Ол – көтеріліп жатқан мұхит. Климаттың өзгеруінен су деңгейі биіктей берсе, бұл мемлекет алапат топан су астында қалуы ғажап емес.

inbusiness.kz

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар