Оңтүстік Қазақстан облысының Төлеби ауданында "Бәрі рахмет үшін" деп аталатын әлеуметтік дүкен ашылды деп жазады Tengrinews.kz. Аталған дүкенде азық-түлік пен киімдер мұқтаж жандарға тегін таратылады.
Бұл орталықтың жұмыс істеп тұрғанына бірнеше ай болды. Қайырымды жандар тек Төлебиден емес, көрші аудан-қалалардан да келіп, киюге жарамды киімдері мен азық-түліктерінөткізіп кетуде. Дүкен аптасына жеті күн демалыссыз жұмыс істейді. Мұқтаж жандар мұнда келіп, бір күнге жетерлік азық-түлігін алып кете алады. Сондай-ақ, жаурағандар үшін қысқы киімдер де дайын. Ерікті азаматтар киім-кешектің жарамдыларын іріктеп, тазалап, келушілерге ұсынады. Қазіргі таңда бұл жүйеге қызығушылық танытқан кей кәсіпкерлер жағдайы төмен отбасының 20 баласына қысқы киімдерін толықтай сатып әперуге кірісіп кетіпті.
"Біз бұл істі міндетсінбейміз. Көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созу әрбіріміздің міндетіміз деп білеміз. Неге көмектеспеске? Егер біз бір-бірімізге қайырымды болсақ, әлемді өзгерте аламыз. Мен өзімнің достарым мен құрбыларыма ой тастадым, жағдайы төмен жандарға, олардың балаларына көмектесу керектігін айттым. Бұл ешбіріміздің қалтамызға жүк салмайды, есесіне өзгелердің мейірімін оятатыны сөзсіз", - дейді аталған дүкеннің негізін қалаушы кәсіпкер Мадина Ермағанбетова.
Бүгінде көмек қолын созамын деушілер дүкен алдына кезекке тұрған. Тіпті, жүктерді тасымалдауға көмектесемін деген көлік компаниялары да бар көрінеді. Ал, дүкен иесі мұнымен тоқтап қалмай, Шымкенттен де ірі орталық ашуды көздеп отыр.