08.02.2025, 11:30

Президент ҚҚС мәселесін асқан кәсібилікпен барынша жұмсартып берді – сарапшы пікірі

Фото: abai.kz

Мемлекет басшысы мәселені әбден зерттегені байқалады. Салықты көбейтпесек, бюджет дағдарысы келіп тұр. Салықты үдетіп жіберсек баға қымбаттап, шағын бизнестің айналымдарына зиян келеді.

Күні кеше мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық бизнес өкілдерімен кездесуде Үкіметке қосымша құн салығы мәселесін тағы да пысықтауды тапсырды. Президенттің айтуынша, қосымша құн салығының мөлшерлемесі сараланып белгіленуге тиіс. Үкімет түпкілікті шешімді білікті сарапшылардың, қайталап айтамын, білікті сарапшылар мен кәсіпкерлердің, әлбетте депутаттардың пікіріне құлақ аса отырып, нақты есептеулер негізінде қабылдағаны дұрыс, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Президенттің қосымша құн салығын қайта қарау туралы тапсырмасына байланысты сарапшылар пікір білдірді.

Мәселен, қаржы, биржа, макроэкономика шолушысы Айбар Олжаевтың пайымдауынша, ҚҚҚ мәселесін мемлекет басшысының әбден зерттегені байқалады.

«Қосымша құн салығы мен үшін 2025 жылдың үздік сериалы. Неге десеңіз мұнда тұңғиық эмоциялар, әр қыры ашылған кейіпкерлер, шарықтау шегі, драма, қиысқан тағдыр, күлкі мен көз жасы, хэппи энд, бәрі бар.

Бюджеттік кризиске кетейін деп тұрғандықтан батыл шешімге барған үкімет, шегінерге жер қалмағандықтан қылышын қынабынан суырған бизнес, бір демін ішке тартқан халық арасындағы үшбұрыш майданның шешілер түйіні Парламент емес, Ақордадан табылды.

Мемлекет басшысы мәселені әбден зерттегені байқалады. Салықты көбейтпесек, бюджет дағдарысы келіп тұр. Салықты үдетіп жіберсек баға қымбаттап, шағын бизнестің айналымдарына зиян келеді.

20% деп Үкімет кейін саудаласуға орын қалдыру үшін тым асыра сілтеп жіберген болатын. Бірақ ол шок сияқты қабылданды және психологиялық соққысы ауыр болды. Осыны ескерген Қасым-Жомарт Тоқаев мәселені асқан кәсібилікпен барынша жұмсартып берді. Кәсібилік дегенім –тапсырма емес, жеке пікір ретінде келтіріп, аппарат абыройын сақтады және прогрессивті шкала идеясын дән қылып егіп жіберді.

Дифференциалды прогрессивті шкала – өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын шешім. Обороты аз шағын кәсіпкерлер азырақ, кірісі үлкендеу орта және ірі бизнес көбірек төлейді.

Ақорда мәселенің подшипниктерін жақсылап майлап, сықырлатпай шешуге ниетті. Үкімет артынан ол подшипниктерді тексеріп, сықырлағанға дейін жүргізіп көреді.

Салық өседі. Бір демде емес. Асықпай өседі. Әркім үшін әрқалай өседі. Бірақ оған ешкім наразы болмайды. Экономикадағы дипломатияның сиқыры осында жатыр», – деп жазды ол әлеуметтік желіде.